Моңғолиядан келген балалар Павлодарды аралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Монғолиядан келіп Баянауылдағы «Жас Дәурен» орталығында демалған 14 бала Павлодар қаласын тамашалады, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

"Моңғолия елінен келген кішкентай қонақтарымыз Павлодар қаласының Достық үйінде «Қазақ қоғамы» бірлестігімен кездесті. Сондай-ақ балалар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен М.Катаев атындағы оқушылар сарайын аралап, ол орындардағы атқарылатын жұмыстармен танысты", - деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бағдәулет Нұрмат

Сонымен қатар, балалар Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі мен Сұлтанбек сұлтан сарайында да болды. Жас демалушылар теплоходпен Ертіс өзенінде серуендеді.

Айта кетейік, «Елге саяхат» жазғы жобасын жүзеге асыру және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының 2015-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын орындау шеңберінде 2019 жылғы 27 шілде мен 11 тамыз аралығында Павлодар облысында Моңғол Халық Республикасынан 14 бала демалды. Балалар Баянауыл ауылының «Жас Дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығында жазғы демалысын өткізді. Қазақстанға алғаш келіп отырғандардың арасында 12 жастағы Қобыланды Еркін де бар.

"Атамекенге саяхаттан ерекше әсер алдым. Маған демалыс қатты ұнады. Көрікті Баянауыл жерінде болдық. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Павлодар қаласында тамаша орындар көп екен. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын", - деді дейді Қобыланды Еркін.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы