Моңғолиядағы қандасымыз Баян-Өлгий аймағының әкімі болып сайланды
Моңғолия премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэнің өкімі бойынша және Баян-Өлгий аймақтық Азаматтар Өкілдері Хуралының келісімімен Заңғар Есентайұлы Моңғолияның Баян-Улгий аймағының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы тарихшы Алтынбек Құмырзақ Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Заңғар Есентайұлы 1964 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1986 жылы Ұланбатырдағы мемлекеттік мұғалімдер университетін тарих-қоғамтану мамандығы бойынша бітірген. 1991 жылы Моңғолияның Басқару академиясында білім алып, саясаттану ғылымдарының магистр дәрежесін алған, - деп жазды Алтынбек Құмырзақ.
Еңбек жолын Баян-Өлгий аймағының Сагсай сұмында мұғалімдік қызметтен бастайды. 1987-1989 жылдары Сагсай сұмындық Жастар комитетінің хатшысы, 1991-1994 жылдары аймақтық жастар-спорт комитетінің орынбасары, бастығы қызметін атқарады. 1993 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікке бетбұрыс жасап, «Самал», «Бектас» компанияларының негізін қалайды.
2011-2016 жылдары аймақтық кеден орынының орынбасары кейіннен басшысы қызметін абыройлы атқарды. Саясаткер З. Есентайұлы әр жылдары аймақтық демократиялық партияның жастар қанатын, сондай-ақ партияның іс басқармасына жетекшілік етті. «Алтын жұлдыз» (үкіметтік жоғары марапаттардың бірі) орденінің иегері, - делінген Алтынбек Құмырзақтың ФБ жазбасында.