Моңғолиядағы қазақ жазушысына Тоқаевтың құрмет грамотасы берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сұлтан Тәукейұлына Мемлекет басшысының Құрмет грамотасы табысталды, деп хабарлады Моңғолиядағы Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі.
2020 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінде қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мұрасын кеңінен насихаттауға қосқан үлесі үшін Сұлтан Тәукейұлын Құрмет грамотасымен марапаттау рәсімі өтті, - делінген хабарламада.
Сұлтан Тәукейұлы – Абай шығармаларын зерттейтін Моңғолияның алғашқы әдебиеттанушыларының бірі. 2020 жылы елшіліктің қолдауымен Сұлтан Тәукейұлының «Абайдың қара сөздері» (Сургаалууд) кітабы монғол тілінде жарық көрді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және Қазақстан ХХІ ғасырда» мақаласын аударды. Тәукейұлының аудармалары мен шығармашылық ізденістерінің арқасында моңғол оқырмандары Абай Құнанбайұлының философиялық мұрасымен танысуға және зерделеуге мүмкіндік алуда.
Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы дүниеге келген. Ол – дипломат, аудармашы, профессор және экономика ғылымдарының докторы. Әр жылдары ол Моңғолияның Венгрия мен Австриядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып жұмыс істеді. Екі мәрте Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламентінің) мүшесі болып сайланды.
Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ж.Әділбаев Құрмет грамотасын табыстау барысында Мемлекет басшылығы Сұлтан Тәукейұлының Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастарын нығайтуға, сондай-ақ қазақ даласының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының бай мұрасын насихаттауға қосқан зор үлесін жоғары бағалайтындығын мәлімдеді.
Өз кезегінде кітап авторы Абай мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған барлық даналығын бойына сіңірген рухани байлық екенін баса айтты. Оның шығармалары өлмейді және уақыт өте келе өз өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті.