Моңғолия Сыртқы істер министрі Қазақстан Елшісін қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Моңғолия Сыртқы істер министрі Батмөнхийн Батцэцэг Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаевты қабылдады.
Кездесу басында Б.Батцэцэг Қазақстан халқын тіршілік атаулы жанданып, табиғат қайта түлейтін шақ пен жаңа өмірге ұмтылыстың нышаны болатын Наурыз мейрамымен құттықтады.
Сонымен қатар, Моңғолия сыртқы саяси ведомстваның басшысы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге оны министр лауазымына тағайындалуына орай жолдаған жылы лебізді құттықтауы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Б.Батцэцэг екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесіп жұмысты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Ж.Әділбаев министрге Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар мен Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар туралы мағлұмат берді.
Тараптар қазақ-монғол ынтымақтастығының жағдайы мен келешегін талқылай отырып, өзара сыйластық, ашықтық пен сенім қағидаларына негізделген жоғары деңгейдегі сапарлар екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Бұған қоса, көлік, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы көптеген өзекті мәселелер, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту бойынша пікір алмасу орын алды. Бұл ретте, бірқатар екіжақты келісімдерді жаңарту қажеттілігі бар екені де айтылды.
Сонымен қатар, халықаралық сахынадағы әрекеттерді одан әрі үйлестіру мәселелері көтерілді. Елші моңғол тарапына Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдірілді.