«Моңғолия қазақтарының тіл және мәдениетін қолдау бірлестігі» құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. “Моңғолия қазақтарының тіл және мәдениетін қолдау бірлестігі” Үкіметтік емес ұйымы құрылды. Бұл туралы Баян-Өлгий аймағында тұратын журналист Нұрболат Өнерханұлы мәлімдеді.

Ұйымның мақсаты – Моңғолия Үкіметінің тіл және мәдениет бағытында ұстанып отырған саясаты, шығарған заң, шешімдерінің жүзеге асуына қолдау көрсету. Моңғолия қазақтарының тілін, мәдениетін сақтау, зерттеу, насихаттау, дамыту және тиісті заңнамалардың жүзеге асуына көпшілікпен бірлесіп бақылау жасау – дейді ұйым мүшелері.

Үкіметтік емес ұйым жақында алғашқы мәжілісін өткізіп, Басқару кеңесі, Бақылау кеңесі, атқарушы лауазымды тұлғаларын тағайындады. Сонымен қатар мемлекеттік тіркеу ұйымына ресми түрде тіркелді.

Әзірге ұйымның атқарушылық құрамында 16 адам бар.

Сондай-ақ, бұрынғы аймақ әкімдері, Моңғолия мемлекеттік университетінің ұстаздары, докторлар, Білім басқармасының мәдениет ісін жауаптанған мамандары алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс істеймін деушілер көп.

Моңғолия қазақтарының тіл және мәдениетін қолдау бірлестігінің Басқару кеңесінің төрағасына Сәбет Насырұлы, атқарушы директорына Нұрболат Өнерханұлы сайланды.

Үкіметтік емес ұйым жақын арада жұмыс жоспарын бекітіп, көпшілікке, аймақ басшылығына, өзге де Үкіметтік емес ұйымдарға таныстыратын болады. Ұйымның жарғысына сәйкес мүшелер ілестіріліп, сұмындарда, астана, өзге аймақтарда бөлімшелер орнайды. Сонымен қатар, алдағы атқаратын жұмыстар туралы ұсыныс-пікір білдіретін, бірлесіп жұмыстаймын деген азаматтар болса есігіміз әрқашан ашық екенін мәлімдейміз – дейді ұйымның атқарушы директорына Нұрболат Өнерханұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы