Қазақстан елшісі Моңғолия президентіне сенім грамоталарын табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаевты cенім грамоталарын табыстау үшін Моңғолияның президенті Халтмаагийн Баттулга қабылдады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

"Кездесу барысында Моңғолияның басшысы қазақ-моңғол елдері арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастар мен өзара сенім ахуалын, сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша екі мемлекеттің ынтымақтастығын атап өтті", - делінген хабарламада. 


Министрліктің мәліметінше, сауда-экономикалық ынтымақтастық, көліктік-логистикалық, ауыл шаруашылық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті, сондай-ақ болашақтағы ең жоғарғы және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мәселелері талқыланды.

Халтмаагийн Баттулга кездесу соңында өзара байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдіріп, елшіге дипломатиялық жұмыста табыс тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы