Моңғолия елшілігінде тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды
Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінде ұлттық ойынның үйірмесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсанында Қазақстанның Моңғолиядағы елшігінде Моңғолия Тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен тоғызқұмалақ үйірмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты Бейсен Бұлан, Моңғолияның халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолия Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Нұрбек Жырғауұлы және тоғызқұмалақ ойынының әуесқойлары қатысты.
Шақырылған қонақтар осы ұлттық ойын Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында кең таралып жатқаны мен енді Ұлан-Батыр тұрғындары да таныса алатынын қуанышпен атап өтті. Осы себеппен елшілік пен Федерацияның игі бастамасына қолдау сөздерін білдіре отырып, қазақтың ұлттық ойындарын жаңғырту мен насихаттау бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.
Моңғолия Тоғызқұмалақ федерациясы 2014 жылы құрылған болатын. Федерацияның қолдауымен Ұлан-Батыр қаласында ресми түрде ашылған бұл алғашқы үйірме.