Молдова ТМД-дан шығады: парламент түпкілікті шешім қабылдады
Парламент екінші, соңғы оқылымда елдің ТМД-ға қатысуын айқындайтын үш базалық келісімді бұзу туралы заң жобасын қабылдады.
Молдова парламенті елдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрамынан шығуын түпкілікті қолдап, негізгі келісімдерді денонсациялау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.
Парламент екінші, соңғы оқылымда елдің ТМД-ға қатысуын айқындайтын үш базалық келісімді бұзу туралы заң жобасын қабылдады.
Бастаманы 101 депутаттың 60-ы қолдады. Олардың қатарында билеуші "Әрекет және ынтымақ" партиясының өкілдері және өзге де парламентарийлер бар. Ал коммунистер мен социалистер партияларының депутаттары қарсы дауыс берді.
Коммунистер көшбасшысы Владимир Воронин бұл шешімді "ел үшін трагедия" деп атап, экономикаға кері әсері болуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, Кишинев ТМД құрамынан шығу процесін қаңтар айында бастаған, сол кезде үкімет те бұл бастаманы мақұлдаған. Енді құжат президент Майя Санду қол қоюына жіберіледі.
Сыртқы істер министрі Михай Попшой бұған дейін Молдова ТМД аясындағы барлық келісімдерден толық бас тартпайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, экономикалық пайда әкелетін немесе азаматтар үшін маңызды келісімдер елдің еуропалық интеграция бағытына қайшы келмеген жағдайда сақталады.
Айта кетейік, Молдованың ТМД-ға қатысты ұстанымы 2020 жылғы президент сайлауынан кейін өзгере бастады. Сол кезде Майя Санду Еуропалық одаққа интеграция бағытын жариялап, Достастық саммиттеріне қатысудан бас тартқан болатын. 2023 жылдың ақпанында үкімет ТМД-ның 282 келісімінің 120-дан астамын денонсациялауды жоспарлаған, алайда ел үшін маңызды шарттарды сақтап қалу көзделген.
Елдің бұрынғы президенті және социалистер партиясының жетекшісі Игорь Додон бұл саясатты сынға алып, Сандудың Ресеймен және ТМД-мен байланысты үзу бағыты халық мүддесіне қайшы келеді деп мәлімдеді.