Моладан мәйітті алып кеткен аш аю атып өлтірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Комсомольск-на-Амур қаласына қарасты Старт елді мекенінен мәйітті қазып алып кеткен аш аю атып өлтірілді.

Komcity.ru порталының деректеріне сүйенсек, жабайы жануар келесі күні зиратқа қайта келген кезде өлтірілді. Хабаровск өлкесінің Табиғат министрлігіне қарасты жануарлар әлемі объектілерін сақтау бөлімінің басшысы Юрий Колпактың сөзінше, аш аю алып кеткен мәйіт сол бойы табылмаған.

Зират қызметкерлері аю қазып тастаған моланы қалпына келтірді. Қайтыс болған кісінің туыстары болған оқиғадан хабарсыз.

«Аюлардың зиратқа келуіне адамдар себепкер болады. Себебі, мәйітті жерлеуге келгенде олар зират басында әртүрлі тамақ тастап кетеді. Аш жануар жеуге жарамды заттың бәрін жейді. Кейбір ақпаратқа сүйенсек, адамдар мәйітті дұрыс жерлемейді. Олар моланы терең етіп қазбайды. Аш жануар бұны сезеді», - деп түсіндірді Юрий Колпак.

Жабайы аңдар Старт елді мекеніндегі зиратқа бұрыннан келетін көрінеді. 2015 жылы AmurMedia ақпарат агенттігі тәртіп сақшылары аталған зиратқа кіріп кеткен 2 гималай аюын қуып шыққаны туралы жазған болатын. Бір жыл өткен соң зират маңынан тағы бір аю байқалған. Оны полиция көлігіндегі дабылдың көмегімен қорқытып, қуып жіберген.

Комсомольска-на-Амур қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі Иван Леврентьевтің айтуынша, Старт елді мекеніндегі зиратқа 40 шақты жыл болды, жылдан жылға зираттың аумағы кеңейіп келеді.

«Үлкен аумақты үнемі күзетіп отыру мүмкін бола бермейді. Сондай-ақ, зиратқа жауапты мекемеге жануарларды атуға рұқсат берілмеген», - деді ол.

Айта кетейік, шілдеде аш аю жаңа жерленген моладан ер адамның мәйітін қазып алып, орманға қарай сүйретіп алып кеткені туралы хабарланды. Оқиға орнын қарап шығуға тергеу тобы жіберілді. Оның құрамында аңшы және қызметтік иті бар кинолог болды. Олар орманнан аю іздерін тапты. Кейіннен зиратты күзетуге аңды атуға рұқсаты бар екі адам бекітілді.

«Хабаровский край сегодня» агенттігінің хабарлауынша, олар зират территориясын полиция қызметкерлерімен бірге торуылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы