Мобильді топтар мыңнан астам баланың тұрмыс жағдайын тексерді
Ертіс өңірінде кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мобильді топтардың жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Басты мақсат – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, дер кезінде қолдау көрсету. Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, жыл басынан бері мобильді топ өкілдері мыңнан астам жанұяның үйінде болған. Олар туған ата-аналарымен тұрмайтын, яғни заңды өкілдерінің қолында тұратын балалардың тұрмыс жағдайын тексерген. Нәтижесінде балаларды тәрбиелеу бойынша тікелей міндеттерін орындамаған 59 ересек есепке алынды.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, тексеру нәтижесі бойынша ата-аналар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Ағымдағы кезеңде бала тәрбиесіне салғырт қараған 196 ересекке айыппұл салынды. Тағы 24 ересекке қатысты іс сотқа жетіп, сотпен ата-ана құқығынан айырылды. Сонымен қатар 36 заңды тұлғаның құқығына шектеу қойылды. Кей отбасыларындағы жағдай мүлдем нашар. Олар жіті бақылауымызда. Мәселен, осындай жанұяларда тәрбиеленетін 14 жеткіншек қиын өмірлік жағдайға тап болғандар орталығына орналастырылды, - дейді Бибігүл Қамзина.
Сала мамандарының айтуынша, соңғы жылдары қоғамымызда «әлеуметтік жетімдер» көбейген. Яғни, арнайы орталыққа тұрғызылған балалардың 85%-ның ата-аналары бар болып шыққан. Қазіргі уақытта 260 бала түрлі қолдау мекемелерінде тұрып жатыр.
Бүгінде облыс орталығында ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім 700-ден астам ұл-қыз тәрбиеленуде. Жыл басынан бері тағы 25 бала анықталып, олардың жартысы патронаттық отбасыларға орналастырылды.