Мобильді аударымдарды тексеру халыққа пайда әкеле ме?

Экономист Бауыржан Ысқақ әлеуметтік желіде мобильді аударымдар мен жеке табысты заңдастыруға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, мобильді төлемдер арқылы тұрақты табыс тауып отырған жеке тұлғалар кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі тиіс.

Құдаңыз сүйіншіге 300 мың теңге салды ма – ол қалыпты жағдай. Тойдан кейін ағайындарыңыз 1 миллион аударды ма – бұл да түсінікті. Ал егер ай сайын түрлі клиенттеріңіз ақша аударып жатса – бұл табыс көзі. Демек, “ИП” ашу керек, шұғыл түрде, – дейді экономист.

Ол соңғы уақытта көптеген таныстарының салық органдарының тарапынан Kaspi аударымдарына қызығушылық танытып жатқанын айтып шағымданғанын жеткізді.

Нақты түсінуіміз керек, мәселе – жазалау емес, жеке қауіпсіздік пен әділ салық төлеуде, – дейді Ысқақ.

Мобильді аударымдарды тексеру кімге тиімді?

Экономист үш тараптың ұтыста екенін атап өтті:

1. Қарапайым халық үшін:

  • Алаяқтардың саны азаяды;
  • Ақша заңсыз бұғатталмайды;
  • Қызмет көрсететіндер заңды түрде жұмыс істейді.

2. Кәсіпкерлер үшін:

  • Тіркелген бизнеске ресми жұмыс істеуге, несие мен грант алуға жол ашылады;
  • Қаржы айналымы бақылауда болады, бизнес тұрақты дамиды.

3. Мемлекет үшін:

  • Салық түсімі көбейеді;
  • Зейнетақы, жәрдемақы, жолдар мен мектептер сол түсімдер арқылы қаржыландырылады.

Ал ұтылатындар – көлеңкелі табысқа үйреніп қалғандар мен салықтан жалтарушылар. Тексеру – жазалау үшін емес, жүйені ашық ету үшін қажет. Ашық табыс – қауіпсіз болашақтың кепілі, - деп кесіп айтты Бауыржан Ысқақ.

Сөзінің соңында экономист Америкада салық төлеген күнді туған күннен кейінгі мереке ретінде атап өтетінін мысал ете отырып, қазақстандық қоғамда салықтан жалтару қалыпты дәстүрге айналғанын сынға алды.

Уақыт келді – дәстүрді өзгерту керек, – деді Бауыржан Ысқақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы