Бүгiн 2026, 11:27 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мобильді аударымдар: Кімге салық органынан хабарлама келгені анықталды

Қаржы министрлігі мобильді аударымдар бойынша тәуекел анықталған азаматтар мен кәсіпкерлерге хабарлама жолдап жатыр.

Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты бақылаудың жаңа кезеңі басталды. Қаржы министрлігі азаматтар мен жеке кәсіпкерлерге салық төлеуден жалтару тәуекелдері туралы ескертулер жіберіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, министрлік биылдың бірінші тоқсаны бойынша мобильді аударымдарға қатысты мәліметтерді сәуір айында алған. Ақпарат өңделгеннен кейін мамыр айынан бастап азаматтарға хабарламалар жолдана бастаған.

Кімдерге ескерту жіберіліп жатыр?

Вице-министрдің айтуынша, хабарламалар бірнеше санаттағы азаматтарға қатысты.

Олардың қатарында:

  • кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар;
  • оңайлатылған салық режимімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер;
  • жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер бар.

Министрлік бұл азаматтардың кірістері мен мобильді аударымдары арасында сәйкессіздік белгілері байқалған жағдайда ескерту жібереді.

Біз бірінші тоқсан бойынша деректерді алып, өңдедік. Мамыр айынан бастап азаматтарға салық төлеуден жалтару тәуекелі бар екенін көрсететін хабарламалар жолдай бастадық, – деді Ержан Біржанов.

Әзірге айыппұл салынбайды

Қаржы министрлігі қазіргі таңда жазалау емес, түсіндіру және алдын алу тәсілін қолданып отырғанын мәлімдеді.

Ведомство азаматтарға анықталған кірістерді алдағы салық декларацияларында көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Біз азаматтарға бұл кірісті көріп отырғанымызды ескертеміз. Егер декларация тапсыру мерзімі жақындаса, сол сомаларды декларацияға енгізуді сұраймыз. Егер азамат кәсіпкерлікпен айналысса, бірақ тіркелмеген болса, тіркелу қажет екенін түсіндіреміз, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ешбір жеке тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге айыппұл салынбаған.

Бүгінге дейін бірде-бір жеке тұлғаға немесе бірде-бір жеке кәсіпкерге айыппұл санкциялары қолданылған жоқ. Біз оларға алдағы декларацияларында бұл сомаларды көрсетуге мүмкіндік бердік, – деді Ержан Біржанов.

Хабарламалар қалай жіберіледі?

Қаржы министрлігінің мәліметінше, алғашқы кезеңде ескертулер жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге салық төлеушінің электронды кабинеті арқылы жолдануда.

Алайда әзірге қанша адамға мұндай хабарлама жіберілгені нақтыланбады.

Кәсіпкерлерге маңызды ескерту

Вице-министр жеке кәсіпкерлерге жеке банк шоттарын кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбауға кеңес берді.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтардың жеке кәсіпкерге арналған бөлек банктік шоты болуы тиіс.

Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, кәсіпкерлік қызмет үшін жеке тұлғаның емес, арнайы кәсіпкерлік шотты пайдалануыңыз қажет. Кәсіпкерлік мақсаттағы қаражатты жеке шот арқылы жүргізбеу керек, – деді Ержан Біржанов.

Өзіңізге ақша аударсаңыз, бақылауға ілінесіз бе?

Қаржы министрлігі азаматтарды алаңдатқан тағы бір сұраққа жауап берді.

Вице-министрдің сөзінше, адамның өзінің бір шотынан екінші шотына ақша аударуы бақылау шараларының нысанына кірмейді.

Яғни өз қаражатын бір банктен екінші банкке немесе өзінің басқа шотына аударған азаматтар үшін ешқандай шектеу қарастырылмаған.