Бүгiн 2026, 12:48 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мобильді аударымдар арқылы сталкинг жасаған кәсіпкер 25 тәулікке қамалды

Күйеуі мессенджерлерде бұғатталғаннан кейін мобильді аударымдар өрісі арқылы қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Алматыда мессенджерлерде бұғатталғаннан кейін мобильді аударымдар арқылы сталкинг жасаған кәсіпкер 25 тәулікке қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, ер адам мессенджерлерде бұғатталғаннан кейін жұбайына банктік қосымшадағы мобильді аударымдар өрісі арқылы қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Алматы тұрғыны бұған дейін күйеуінің жүйелі түрде қорлық көрсетіп, ізіне түскенін және ұрып-соққанын мәлімдеген болатын.

Алматы облысының Қарасай аудандық соты ер адамды сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 25 тәулік қамауға алу жазасын тағайындады.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап сотталушы жәбірленушінің ізіне жүйелі түрде түскен.

WhatsApp және Telegram арқылы қоңырау шалып, хат жазған, ал бұғатталғаннан кейін байланыс орнату әрекеттерін тоқтатпаған.

Ер адам Қазақстан банктерінің бірінің қосымшасын пайдаланған. Әйелінің шотына аз мөлшерде ақша салып, аударымның мақсатында мәтіндік хабарламалар қалдырып отырған.

Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 25 тәулік мерзімге қамауға алынды, - деп жазылған сот хабарламасында. 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Семейде әйелді төрт ай бойы аңдыған сталкерге үкім шықты.