Митингтерге рұқсат берілу керек, бірақ қоғамдық тәртіп бұзылмауы тиіс – сарапшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру айтылған.
Осыған қатысты Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры Марат Башимов өз пікірін білдірді.
«Президент өзінің жолдауында бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс деп айтты. Енді шерулер мен пикеттерді өткізуді қалай реттеген дұрыс деген сауал туындайды. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар, бірақ заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге бармау керек. Заңгер ретінде айта кетейін, халықаралық адам құқығы туралы шартта қандай жағдайда шерулер шектелетіні анық жазылған. Бірінші кезекте ұлттық қауіпсіздікке сәйкес келмеген жағдайда. Мысалы, қарумен келу дегендей. Екіншісі, қоғамдық тәртіпті бұзу. Бір-бірімен төбелесетін болса. Үшіншісі, шеру кезінде біреудің мүлкін, дүкенін қиратып, сындыруға жол берілмеуі тиіс. Төртіншісі, денсаулыққа зиян келтірмеуі керек», - дейді Марат Башимов.
Заңгер осы ретте де Конституцияның 12-бабын еске салып өтті. Яғни, өз ойынды ашық айтуға құқығың бар, бірақ басқалардың құқығын бұзбауың қажет.
«Бұл 12-баптың 5-тармағында анық жазылған. Темекі шеккің келе ме, кетіп қал. Шеруге шығасың ба, басқалардың құқығын бұзба. Өйткені, Франция секілді тарихи мемлекеттердің өзінде осындай дәстүрлер бар. Шеруге шығар алдында рұқсат алу міндетті болу керек. Мысалы, елордадағы митингтер өтіп жүрген республика көшесі сол жағалау мен оң жағалауды байланыстырып тұр. Бұл жерді жапсаң, көп адамға кедергі жасалады. Бірақ митингтерге рұқсат берілуі тиіс. Соңғы кездері көшелерде пикеттер ұстап тұрғандарға бұрынғыдай полицейлерге тиісе қоймайды. Мұның өзі президенттің тапсырмасынан кейін реттеліп келе жатыр», - дейді ол.