Митинг ұйымдастырушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады - Бекшин

Алматы, BAQ.KZ. Алматының бас санитарлық дәрігері әлеуметтік желіде халықты митингке шақырып жатқан хабарламалардың дұрыс емес екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалада коронавирус індеті бойынша тіркелген оқиғалар әлі жалғасуда, тек өткен тәулік ішінде ғана 49 оқиға анықталған. Ал бір апта ішінде – 334 тіркеліпті. Осылайша, Алматыда барлығы 2790 оқиға тіркелген,10 адам қайтыс болды. 

Індетті жұқтырушылар статистикасы пандемия ауқымының әлі де азаймағанын көрсетеді. Осыны ескере отырып, қаланың бас санитарлық дәрігері әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермейтін жауапты адам ретінде адамдарды бұқаралық шаралар мен митингке шақыру дұрыс емес. Қалада  эпидемия әлі де жалғасып жатқан кезде адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру барып тұрған жауапсыздық, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көп жиналу, жақын араласу азаматтардың індетті жаппай жұқтыруына әкеліп соғатынын айтты. Әлемнің көптеген елінде осылай болған.

Өйткені, митингтер - жұқтыру ошағы. Егер мұндай бұқаралық шаралар індетті жұқтыруға себепші болса, онда митингтерді ұйымдастырушылар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, тіпті қылмыстық іс қозғалады. Осындай бұқаралық шараларға қатысушылар індет жұқтыратын болса, онда эпидемиологиялық тексеру аясында шеттетіледі, - деді ол.

Сондай-ақ, ол COVID-19  жұқтырғандар инфекциялық ауруханаға жатқызылатынын жеткізді.

Олармен  араласқандар, мейлі, олар індетті көпшілік жерде немесе үйде жұқтырсын, провизорлық және карантиндік госпитальда оқшауланады. Санитарлық-эпидемиологиялық хаттаманың талаптары осындай, біз оны міндетті түрде орындаймыз. Хаттамаға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер карантин режимінде жаппай жиындарға қатысқан азаматтарды тіркеп, видеотүсірілім жүргізеді. Ал, тіркеу қатысушылар санын есептеп, жұқтыру ошағының эпидемиологиялық тексеруін одан ары жүргізіп, коронавирустың таралуының алдын алу үшін қажет, -деді ол. 

Оның пайымдауынша, бұқаралық  шараларға, митингтерге  қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайды. Осының салдарынан індет үйіңізге, отбасыңызға тарайды, ең алдымен, балаларға және қарт адамдарға қауіп төндіреді. 

Міне, сондықтан мен бұрындары Алматы қаласының аумағында түрлі бұқараларық шараларды өткізуге тыйым салу жөнінде қаулы қабылдаған едім. Қарт адамдар мен бұрыннан қалыптасқан сырқаты бар жандардан адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ жүруді сұраймын. Өйткені, сіз індетті тез жұқтыратындар санатына жатасыз. Бұдан өзге, жаппай жұқтыру қаупінің болуы мүмкін екендігін ескере отырып, тиісті қызметтерден адамдар көп жиналатын орындарға  дезинфекция жүргізуді күшейтуді талап етемін, - деді ол. 

Бекшин бұл талаптар  мен өтініштер қаланың әр тұрғынының денсаулығын қорғау мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды жақсартуға негізделгенін айтты.

Сондықтан барлық алматылықтардан саналылық пен жауапкершілік танытуды өтінемін. Өйткені, қоғамның денсаулығы әрқайсымыздың жеке  қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындауымыздан құралады, - деді ол.
 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы