Митинг туралы заңда жиындар өтетін орынды белгілеп көрсеткен жөн – Бекнұр Кисиков
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жалпы митинг туралы заңның барысы дұрыс. Мәселен, митингтер өткізу бойынша белгілі бір орынды белгілейік дегендерімен келісемін. Кез-келген жерде митинг өткізіп, өзге елдің шырқын бұзбау керек. Бұл туралы қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Кисиков пікір білдіру кезінде айтты.
Оның айтуынша, талқыланып жатқан митинг туралы заңда жиындарды өткізетін арнайы орындар нақты белгіленуі керек. Бұл өзге халықтың мазасын алмас үшін қажетті.
Мәселен, саябақта өткізсе көптеген адамдар мен балалар қорқып қалуы мүмкін. Сондықтан митинг туралы заңға регламент керек. Көшеде бәрінің жайылып жүргені дұрыс емес. Мысалы Нью-Йоркте қарасаңыз митинг өткізетін арнайы орындар белгіленген. Ешкім көшеде ләйліп жүрмейді. Лондонда митинг өткізетін Гайд парк деген жерлері бар. Сол сияқты белгілі орындар болу керек, сонда барып айтқың келгенін бәрін айта беруіңе болады,-дейді ол.
Сондай-ақ, ол митинг өткізу туралы заң жобасын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың өзі қоғамдық кеңестің талқылауына ұсынуы өте жақсы жайт деп білетінін жеткізді.
1995 жылғыға қарағанда бұл жаңа заң. Ескі заң көп өзгерістер енгізуді қажет еткендіктен жаңа заң қабылданып жатыр. Кеше осы заңды талқылау жиынына опозициялық көзқарастағы адамдар мен қоғам белсенділері шақырылды, бұның өзі позитивті жағдай деп айтуға болады. Яғни, қоғамдық кеңестің ашық алаңында әр тараптың пікірі, ұсынысы тыңдалды. Бұл демократияның алғашқы рәміздері десек болады,-дейді Б. Кисиков.
Сөз арасында ол мұндай заңның қолға алынып, жасалып жатқаны дұрыс шешім екенін айта келе, кейбір тұстары әлі де жетілдіруді қажет ететін жеткізді.
Мысалы заңда 250 адамға дейінгі жиынға келісім беріледі дейді. Оны кім санап отырады. Егер 252 адам болса митингті тоқтатып тастайсыз ба? Одан кейін митинг ұйымдастырушылардың қаржыландыру жағы тексеріледі дейді. Бұл жағы да түсініксіздеу, ұйымдастырушының шотын, ЖШС-ін тексересіз бе? Одан кейін бұл заңда журналистерге қатысты айтылған тұсы да бар. Оның қандай қажеті бар, журналистердің өз жеке заңы бар, сонда бәрі қамтылған ғой. Тағы бір айта кетерлігі митинг барысында біреулер нәсілшілдік бойынша айқайлап, шу шығаратын болса митинг тоқтатылу керек делінген. Меніңше, ұйымдастырушы оған жауапты емес, оны құқыққорғау органдары қадағалау керек,-дейді ол.
Б. Кисиков одан бөлек миитнгті өткізу бойынша келісу жағында да сұрақтар көп екенін жеткізді.
Мәселен, митинг ұйымдастырушы өтініш білдірген соң атқарушы орган тарапынан хабарламаны (уведомление) күту керек. Бұл әкімшіліктің рұқсатымен пара-пар болғаны ғой. Сосын митинг туралы 15 күн бұрын хабарлау деген тым ұзақ секілді. Мысалы, тарифке келіспеген адамдар мекеменің алдында аяқ астынан пикет жасап, бағаға келіспейтіндігі туралы плакаттар алып шыққысы келеді. Олар 15 күн күткенге дейін бұл жағдайдың мәні де кетеді де, ешкімнің шыққысы келмейді. Сондықтан осындай техникалық тұстарын қайта қарау керек,-дейді қоғамдық кеңес мүшесі.