Митинг туралы заңнаманың кең ауқымда қаралуы өзге заңдар үшін алғышарт – саясаттанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бейбіт шерулер туралы заңнаманы Сенат Мәжіліске қайтадан қайтарып беріп отыр. Онда 16 өзгерістер туралы баса айтылды. Бұл туралы саясаттанушы Қазбек Майгелдинов тілдесу барысында айтты.

Оның айтуынша, "Бейбіт шерулер" туралы заңнама соңғы алты ай ішінде көп талқыланып, сынға да ұшыраған. Әсіресе азаматтық қоғам белсенділері, халықаралық ұйымдар тарапынан бұл заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстар айтылды. Көптеген отырыста сарапшылар тарапынан да талқыланған. 

Бірінші оқытуға жіберген кезде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің нұсқасына біраз өзгерістер енгізілді. Президенттің тапсырмасымен шеруге 250 адам келу керек деген шектеу алынып тасталды. Одан бөлек, рұқсат ету тармағы тек ескерту болып өзгертілді. Сондай-ақ, бірқатар өзгеріс енгізілді, - дейді ол. 

Сөз арасында ол Сенат келтірген 16 өзгеріске тоқталып, бұл осы заңнаманың талқыланып болған соң, әлі де жетілдіруді талап ететін тармақтары бар екенін айтты. 

Мәселен, ең басты принципалды бағыттардың бірі бұл митингті арнайы өткізетін орындарға байланысты. Президент тапсырмасымен бұл орындар қала сыртында емес орталығында өткізу принципі қаралып отыр. Яғни, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында мұндай орындар үшеуден кем болмауы керек деген міндет енгізіліп отыр. Сондай-ақ, өткізілетін орындардың саны Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласында халық санына байланысты 12-ден кем болмау керек. Алматыда халық санының көптігіне байланысты 24 орыннан кем болмау керек деген сияқты нақты сандық негіздер енгізіліп отыр, - дейді саясаттанушы. 

Сонымен қатар, ол Сенат тарапы митингтерді ұйымдастырушыларға қойылатын талаптарды да қайта қарағанын айтып өтті. Бұған дейінгі 15-20-ға жуық тармақтар 10-ға дейін қысқартылған. 

Оның ішінде әсіресе бейбіт шеруге келушілердің бетін жасыруға рұқсат беріліп отыр. Бұған дейін оған рұқсат берілмеген. Соңғы жағдайларға байланысты, яғни коронавирус пандемиясының өршуіне орай адамдардың қауіпсіздігіне көңіл бөліп, маска киюге болмайды деген тармақты алып тастағалы жатыр. Сондай-ақ, митингке тыйым салуға байланысты тармақ 10-ға дейін қысқартылды. Бұған дейін ол 15-20 шақты болды. Бұның бәрі митинг ұйымдастырушыларға қойылатын талаптардың азайғанын көрсетеді. Одан бөлек, митингті тоқтату жөніндегі тармақтар 6-ға дейін қысқарды. Мәселен, митингке қатысушылардың бірі құқық бұзатын болса, ол жалпы шерудің тоқтауына әкелмейді. Құқық бұзушымен мәселе шешілсе, онда шеру жалғаса береді. Бұл жерде шеруге қатысушылардың құқығы сақталып отырғанын көрсетеді. Бір адам үшін енді митинг тоқтатылмайды, - дейді Қазбек Майгелдинов. 

Сондай-ақ, ол бүгін Сенатта көтерілген бұл толықтырулар өте маңызды екенін айта келе, қазір халық тарапынан бұл заңнаманың қабылдануына үлкен көңіл аударылып отырғанын жеткізді. 

Биліктің халық үніне құлақ асуын қазір іс жүзінде көріп отырмыз. Билік пен халық арасындағы диалогтың жанданғанын байқаймыз, бұл қуанышты жайт. Өйткені алдағы уақытта талай заңнамалар осылай жан-жақты талқыланады. Қазір өзінің жетілдіруін қажет етіп отырған заңнамалар өте көп. Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшелері саяси партияларға қатысты, сайлау, парламент жайлы көптеген заңнамаға тағы да өзгерістер жасау туралы ұсыныс жасады. Сондықтан митинг туралы заңнаманың осылай кең ауқымда қаралуы алғышарты, бастапқы сатысы деп қарауға болады. Келешекте басқа заңнамалар да осылай барлық тараптардың мүдделерін, талаптарын, сұрап отырған міндеттерін ескеретін болса, ол заңнама толыққанды, азаматардың құқықтың сақталуына сай келетін болады, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы