Митинг туралы заң халықаралық стандарттарға сай болады – қоғамдық кеңес мүшесі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір митинг туралы заң тұжырымдамасының кейбір тұстары бойынша пікір-талас болып жатыр, оның барлығы қоғамқа қажетті, дұрыс шешім шығару үшін жасалып отыр. 

Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков Baq.kz тілшісімен тілдесу кезінде айтты.

Оның айтуынша, аталған заң жобасын қоғам талқысына салып, қоғам белсенділерімен бірге қарау демократия жолындағы үлкен жетістік.

Бұл қоғамға керек маңызды заң. Қазір бұл заң тұжырымдамасының кейбір тұстары бойынша пікір-талас болып жатыр, оның барлығы қоғамға қажетті, дұрыс шешім шығару үшін жасалып отыр. Яғни ұсыныстардың барлығын ескеріп, халықаралық стандарттарға сай келетін заң жобасын қабылдаймыз деп ойлаймын,-дейді ол.

Сонымен қатар, ол қазір онлайн-митинг өткізу ұсынысы жасалып жатқанын және ондай бастмаларды қолдау қажеттігін жеткізді. Ол халықаралық тәжірибеде бар көрінеді. Сондай-ақ халықтың өз пікірін, наразылығын білдіретін орындарды шектемеу керек деген ойын білдірді.

Халық пікірін мемлекетке естіртетін орындардың көп болғаны жөн. Мәселен, Алматы үлкен қала, халқы 2 миллионға жетіп қалды. Мысалы үшін ертең ТЭЦ-тің жұмысшылары жалақы, кәсіби одаққа байланысты өз наразылығын білдіргісі келсе қаладағы саябаққа келіп жүрмейді ғой. Олардың сол маңдағы жиын өткізетін орны болу керек. Еститін атқарушы органдар мен мекеменің басшылары сол жерге барып тыңдауы керек. Сондықтан митингтер өткізу орнына қатысты шектеулер қоймау керек деп есептеймін. Мемлекеттік органдар ашық болған сайын адамдар да өзгереді,-дейді Н. Жазылбеков. 

Сөз арасында ол заңды бұған дейін қоғамдық кеңес мүшелері, заңгерлер талқылап, өз ұсыныстарын білдіргенін айтты. 

Әлі де бірнеше рет талқыланып барып Парламенттің қарауына жіберіледі. Сондықтан бұл барлық талаптарға сай келетін заң болып шығатынына сенімдімін,-дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы