Мирзиёев: Қазақстан–Өзбекстан серіктестігін жаңа деңгейге шығаратын шешімдер қабылдаймыз
Өзбекстан президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз, - деп атап өтті Өзбекстан президенті.
Сондай-ақ серіктестікті кеңейтетін шешімдер қабылдаймыз деп отыр.
Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.