Мирзиёев Өзбекстанның сыртқы саясатының басты жетістігін атады
Ташкент, BAQ.KZ тілшісі. Ташкентте өтіп жатқан «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» халықаралық конференциясында Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиёев елдің сыртқы саясатындағы жетістік туралы айтты.
Форум жаңа Өзбекстанның қалыптасуы мен дамуының маңызды тарихи кезеңінде өтіп отыр. Қоғамдық өмірдің барлық салаларында жүйелі демократиялық реформаларды жүргізіп келеміз. Сонымен қатар Өзбекстанның сыртқы саясатының басты жетістігі - Орталық Азиядағы Қазақстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Түркіменстанмен тату көршілік қатынастарды дамытудағы түбегейлі өзгерістер болды, - деді ол.
Мемлекет басшысының сөзінше, Өзбекстан күш-жігердің арқасында өңірде сенім мен өзара қолдаудың жаңа ахуалын қалыптастыра алды.
Біз тұрақты диалог пен даму көзін бірлесіп анықтау үшін тиімді алаң құрдық. Тамыз айының басында Түркіменстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуін өткізуді жоспарлап отырмыз, - деп толықтырды Шавкат Мирзиёев.
Ол Өзбекстан сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған сенімді, тұрақты және болжамды серіктес екенін атап өтті.
Ынтымақтастықты, тиімді өңірлік өзара байланысты нығайтпай, біздің елдеріміз тап болып отырған сын-қатерлерді еңсере алмайтынымызды түсінетін уақыт жетті. Бізге бірлескен тұрақты даму мен өркендеудің болашағы туралы нақты көзқарас қалыптастыру керек. Біз бірлесіп Орталық және Оңтүстік Азияны және бүкіл Еуразиялық континентті тұрақты, экономикалық дамыған кеңістікке айналдыруымыз керек, - деп сөзін қорытындылады Президент.
Айта кетейік, конференцияға жоғары деңгейдегі екі делегация, 15 парламенттік делегация, СІМ-нің 37 делегациясы, түрлі бағыттағы 10 министрлік пен ведомство, әлемнің 44 елінен 180-нен астам іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының 29 басшысы қатысып жатыр. Сондай-ақ халықаралық конференцияға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және басқа да қазақстандық делегаттар қатысып жатыр.