Минскіде Қазақстан Президентінің Жолдауы бойынша дөңгелек үстел өтті

Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға беделді Беларусь қоғам қайраткерлері мен сарапшылары қатысты.

Кездесу басында Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі Тимур Жақсылықов дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауының негізгі басымдықтарына назар аударып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы айтты. Бұл ретте Т. Жақсылықов Жолдауды іске асыру Беларусь серіктестері үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде өнеркәсіптік кооперация, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, энергетика, орман шаруашылығы және басқа да салалардың қажеттіліктері үшін білікті кадрлар даярлау саласындағы бірлескен жобаларды құру бойынша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге үлкен қызығушылық танытып, ҚР Президентінің Жолдауында көтерген мәселелердің өзектілігін атап өтті. Бұл ретте Қазақстан басшысының кезекті Жолдауы мемлекеттік органдар үшін міндеттерді нақты тұжырымдап, елдің даму перспективаларына айқын көзқарас білдіретінін аталып өтті.

БР Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасының Заңнама жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, ҚР Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Марина Ленчевская Қазақстанда стратегиялық маңызды шешімдер халықпен талқыланып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстанда АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығару демократияның ең жоғары көрінісі болып табылатына ерекше мән берді.

Сонымен қатар М. Ленчевская Қазақстандағы цифрландырудың жоғары қарқынына және еліміздің цифрлық заңнаманы дамытудағы көшбасшылығына назар аударды. Осыған байланысты Беларусь парламентшілері қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға қызығушылық танытатынын жеткізді.

БР Президентінің жанындағы Басқару академиясының ректоры Игорь Бузовский «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік басқару тиімділігі мен мемлекеттік қызметшілердің құзыретін арттыру жөніндегі Қазақстан Президентінің практикалық бастамаларын ерекше белгілеп, ҚР Президенті Қ. Тоқаев Жолдауда айтқан меритократия қағидатын қатаң ұстанудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Беларусь мемлекеттік информатика және радиоэлектроника университетінің ректоры Вадим Богуш Жолдаудағы кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмаларға назар аудара отырып, бұл екі ел үшін басты басымдықтардың бірі болып табылады деген ойымен бөлісті. Осыған байланысты ол университеттің қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлесе робототехника, ақпараттық технологиялар және заманауи өндірістер саласында жүзеге асыратын бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру тәжірибесі туралы баяндады. Жолдауда қойылған жасанды интеллект технологияларын енгізу міндетін ескере отырып, В. Богуш осы салада мамандар даярлауда қазақстандық серіктестермен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Сонымен қатар, университет басшысы Минскіде Қазақстан мен Беларусь ЖОО ректорларының бірінші форумын өткізуге дайындық жұмыстарын айтып, оның барысында білім беру және академиялық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Беларусь ұлттық техникалық университетінің оқу жөніндегі проректоры Ю. Николайчик өз сөзінде Беларусьте 2020 жылдан бастап бір атом электр станциясы жұмыс істейтінін, қазіргі уақытта екінші станция салу мүмкіндігі талқыланып жатқанын айтты. Осыған байланысты ол атом энергетикасының дамуы Беларусьте көптеген салалардың, соның ішінде білім беру саласының дамуына түрткі болғанын жеткізді. Атап айтқанда, университет 10 жыл бойы АЭС жобалау және пайдалану саласында мамандар даярлауды жүргізіп келеді. Егер Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда АЭС салу жөнінде оң шешім қабылдаған жағдайда, Ю. Николайчик университеттің осы сала мамандарын даярлау тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан Президентінің Жолдауы ел алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге тиімді жауап болғанын айтып, Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге жоғары қызығушылық танытатынын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы