Министрлік студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыра бермек – Саясат Нұрбек
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде оқу оқу, озық үлгіде білім алу – өзіңді өзгелерден биік санау үшін емес, заманнан қалыс қалмау үшін керек екенін көбіміз түсінеміз. Осы орайда министрлік студенттерді тың әрі өзекті ақпараттармен қамтамасыз етуді, жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастыра бермек. Оның ішінде Coursera-ның онлайн курстары да бар. 2012 жылы Стэнфорд университетінің профессорлары Дафна Коллер мен Эндрю Ын құрған ғаламдық онлайн оқыту платформасы әлем бойынша 77 миллионнан астам студентті қамтиды. 275 жетекші университетпен және компаниямен тығыз ынтымақтастық орнатқан. АҚШ-қа жұмыс сапарым барысында бүгін Coursera өкілі Jeff Maggioncalda мырзамен кездесіп, ортақ жобамыз бойынша сұрақтарды талқыладық, – деді министр.
Бұл жоба Қазақстан Президентінің 2022 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркке сапары кезінде іске қосылған болатын. Кездесу барысында екі жаққа да тиімді уағдаластыққа қол жеткізілді.
Келісім бойынша бағдарламаның бірінші кезеңі осы айда басталады. Coursera курстары 25 өңірлік университеттегі 20 000 қазақстандық студентке қолжетімді болады. Қазіргі уақытта жаһандық білім беру платформасының бағдарламалау және цифрландыру, математика, физика, маркетинг және басқа да салаларды қамтитын 50 курсы қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Басым курстардың тізіміне АҚШ, Еуропа және Азияның жетекші университеттерінің бағдарламалары да кіреді, – деді Саясат нұрбек.
Министрлік командасы бағдарламаны 600 курсқа дейін кеңейтіп, оларды қазақ тіліне бейімдеумен айналысуда. Алдағы үш жылда 100 000 қазақстандық студент пен өзге де пайдаланушылар Coursera платформасына қол жеткізе алады.
Айта кету керек, Stanford University-де оқитын Қазақстандық студенттер платформаның барлық мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып жүр. Бүгінгі кездесуде олардың да пікірлерін сұрадым. Аталған платформа оқу жоспарларындағы олқылықтарды толтыруға және дипломдық бағдарламаларды еңбек нарығымен тікелей байланыстыруға көмектеседі. Іс жүзінде біздің студенттерге мансаптық мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді. Coursera жобасы жұмыс берушілерге де пайдалы болмақ. Бүгін сондай-ақ, Стэнфорд университетінің профессоры Даниэль Шварцпен де кездестім. Оған еліміздегі жоғары білім жүйесі, ғылымды дамытудың ұлттық басымдықтары туралы әңгімелеп, ынтымақтастық орнатуды ұсындым. Ал, профессор Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қажетті бірнеше практикалық ұсыныстар берді, – деді Ғылым және жоғары білім министрі.