Министрлік шымкенттік дәрігердің мәлімдемелерін жоққа шығарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен месседжерлерде дәрігер Айна Бакееваның мәлімдемелерімен бөлісуде.
Оның айтуынша, COVID-19 қарсы вакцинация «фашизмнің нақ өзі». Вакциналардың бірде-біреуі клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінен өтпеген, барлық қазақстандықтар КВИ-мен ауырып шықты, ал балаларда бұл ауру жеңіл өтеді, демек, ешкімді вакцинациялаудың қажеті жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі белсендінің сөздерін жоққа шығарды. Бұл туралы stopfake.kz сайты хабарлады.Айна Бакеева – Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеөтініш жазғаннан кейін танымал болған шымкенттік дәрігер.
Кадрларда ол көзіне жас алып, қазақстандықтардың КВИ-дан «қынадай қырылып жатыр», ал емдеу хаттамалары дұрыс емес деп мәлімдеді. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онымен байланысқа шықты. Әңгіме барысында ол қолданыстағы нормалар мен емдеу хаттамаларын түсіндірді, кейіннен белсенді берген сұхбатында министрмен әңгімелескеніне риза болғанын айтады.
Бұл оқиғадан кейін Айна Бакеева өзінің Instagram профилінде адамдарға тікелей кеңес бере бастады. Қазір ол өзіне жазылғандарды COVID-19 қарсы вакцинациядан бас тартуға көндіретін бейнелер түсіруде.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді түрде таратылып жатқан роликтердің бірінде Айна Бакеева бірден бірнеше жалған мәлімдеме жасайды. Оларды рет-ретімен талдап шығайық:
1. COVID-19 қарсы вакциналардың ешқайсысы сынақтың үшінші кезеңінен өткен жоқ.
Бұл жалған. Қазіргі уақытта Қазақстанда егу төрт препаратпен жүргізілуде: «Спутник-V», QazVac, Hayat-Vax (BBIBP-CorV) және CoronaVac. Бұл вакциналар клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің үш кезеңінен өтті. Бұл туралы есептер ашық түрде қол жетімді.
Қазақстанда қолданылатын КВИ қарсы вакциналардың барлығы бірдей қауіпсіз және КВИ ауыр жағдайларының алдын алуда тиімді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тіркелмеген дәрілік заттарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндіруші құжатының электрондық көшірмесі – талдау сертификаттары немесе сынақ хаттамасы немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты, қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы болуы міндетті, – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда қолданылатын COVID-19 қарсы вакциналар тіркеу, нарыққа түсу және клиникалық зерттеулердің қауіпсіздігі мен тиімділігін растау үшін қажетті барлық сатылардан өткен.
2. Экспериментке қатысушылар үш күн ғана бақыланады.
Айна Бакееваның бұл тұжырымын да ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жоққа шығарды.
– Клиникалық зерттеу аяқталғаннан кейін зерттеуге қатысушыларды бақылау мерзімі орта есеппен 30 күнді құрайды, – деп хабарлады ведомстводан.
3. Барлық қазақстандықтар КВИ-мен ауырып шықты
2021 жылғы 1 ақпан жағдайындағы деректер бойынша Қазақстан халқының саны 18 897 898 адам.
2021 жылдың 6 айында республикада COVID-19 расталған 270 100 жағдай тіркелген, оның ішінде 34 968 – 14 жасқа дейінгі бала, – делінген ҚР ДСМ StopFake.kz порталы жолдаған сауалға берген жауабында.
Демек, КВИ-мен қазақстандықтардың бәрі ауырмаған.
4. COVID-19 балаларда жеңіл өтеді
Өкінішке орай, бұл олай емес. Балалар жеңіл ауырса да, олардың арасында өлім жағдайлары кездеседі. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, COVID-19 салдарынан болатын барлық өлімнің 0,3% 20 жасқа дейінгі балалар мен жастар құрайды. Яғни, 8 700-ден астамы қайтыс болды.
5. Вакцинация фашизмге айналмас үшін екпе жасағанға дейін және одан кейін науқастың жағдайын бақылау керек.
COVID-19-ға қарсы вакцина алған қазақстандықтар процедураның дәл осылай өтетінін біледі. Препаратты алғанға дейін пациенттер созылмалы және жедел аурулардың болуы немесе болмауы туралы сауалнама толтырады, содан кейін дене температурасы, пульс, қан қысымы, сатурация өлшенеді, өкпе мен жүрек ырғағын тыңдайды, анамнез жинайды, содан кейін ғана, тексеру нәтижелері қанағаттанарлық болса, ол вакцинациялауға жіберіледі. Егуден кейін вакцинация пунктіндегі арнайы бөлінген бөлмеде 30 минут отыру қажет. Науқастың хал-ахуалы нашарлаған жағдайда оған көмек көрсетіледі, ал оқиғаның өзі тіркеледі.
6. Вакциналарды сақтау және жібіту шарттарын сақтау қажет
Вакциналардың дұрыс сақталуына тұрақты түрде бақылау жүргізіледі.
Вакциналарды жібіту тәртібі, вакцинациялауға ұсынымдар, көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 11 маусымдағы № 28 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында халыққа коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізу» әдістемелік ұсынымдарында баяндалған, – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен.
7. Вакцина алу салдарынан туындаған елеулі жағымсыз реакциялар үшін жауапты болу қажет.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл тезиске де түсініктеме берді:
– Вакцинаның жағымсыз салдары болған жағдайда, өндірушіден бастап, тікелей емдеу мекемелеріне дейінгі процеске қатысушылардың барлығы жауапты болады.
Сонымен қатар, профилактикалық егулер алған барлық тұлғалар иммундаудан кейін жағымсыз көріністерді дер кезінде анықтау және қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық бақылауда болатынын хабарлаймыз.
Егер асқынулардың дамуы вакцинаны егу техникасымен байланысты болса және егілушінің денсаулық жағдайының нашарлауы вакциналарды сақтау жағдайларының бұзылуынан туындаса, онда бұл оқиға тиісті шараларды қабылдай отырып, басқа медициналық қателіктер секілді қарастырылады, – деп жауап берді ведомстводағылар.
8. Созылмалы аурулары және онкологиясы бар адамдардың екпе алу тәртібі белгісіз.
Аталған әдістемелік ұсынымдарға сәйкес иммуносупрессивті ем алатын және иммун тапшылығы бар пациенттерде жеткілікті иммундық жауап дамымауы мүмкін. Сондықтан иммуногенділіктің төмендеу қаупіне байланысты иммундық жүйенің жұмысын тежейтін препараттарды вакцинацияға дейін және одан кейін кем дегенде 1 ай қабылдауға болмайды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № ҚР ДСМ-146/2020 «Профилактикалық егулерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес КВИ-ға қарсы профилактикалық егулерге тұрақты және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар вакцинациялауға жатпайды, деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорыта айтқанда, айтылған тезистер манипулятивті және жалған болып табылады. COVID-19 қарсы вакцинацияны фашизммен салыстырған дұрыс емес. Қазақстанда иммундау адамдарды Бакеева адамдарды «қынадай қырып жатқан» аурудан қорғау мақсатында жүргізілуде. Фашизм – бұл белгілі бір ішкі немесе сыртқы жауға деген өшпенділікті әдейі оятатын саяси жүйе. Бәрін бірдей қорғау ешқашан фашизмнің мақсаты болған емес.