Министрлік «Салық кодексіне» енгізілген түзетулерді түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда ғана «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) түзетурлер енгізілді. Бұл өзгерістер қалай және қашан жұмыс істей бастайды? Қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді? 

Көптің көкейіндегі осы сауалдарға ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.

Салық кодексіне енгізілген өзгерістер салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, көлеңкелі экономиканы азайтуға және адал бизнесті қолдауға бағытталған.

Заң «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп әзірленді. Ол жеке тұлғалардың жеке аударымдарын кәсіпкерлік мақсаттағы мобильді төлемдерден ажыратуға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігі жеке тұлғалар арасындағы жеке аударымдар тексерілмейтінін және оларға салық салынбайтынын тағы да еске салды.

Заңнамада «мобильді аударымдар» және «ұялы төлемдер» ұғымдары ажыратып көрсетілген. Соңғысы тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеуге пайдаланылады. Бұл кәсіпкерлер табысының салық декларациясында дұрыс көрсетілуіне әкеледі. Кәсіпкерлердің тауарларға және (немесе) қызметтерге ақы алуға арналған жеке «мобильді төлемдер» функциясы болады. Бұл олардың кірісін дұрыс көрсетуге мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Мобильді төлемдердің фискализациялануы - бұл салықтың жаңа түрінің пайда болуына әкеп соқтырмайды, тек бизнестің қолданыстағы заңнамада көзделген салық міндеттемелерін адал орындауына бағытталған.

Кәсіпкерлердің бұрынғыдай мобильді төлемді алғаннан кейін тұтынушыға кассалық чек беруі тиіс.

Мобильді төлемдер туралы нормалар 2022 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енеді. Жеке кәсiпкер ретiнде тiркелмеген бірақ кәсiпкерлiк қызмет белгiлерi бар тұлғалардың мобильдi төлемдерi туралы деректер тек 2025 жылдан бастап беріледі деп жоспарланған, - деп хабарлады Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.

Қаржы министрлігі бұған дейін Мемлекет басшысының өкімімен 3 жылға енгізілген қолданыстағы мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2022 жылдың соңына дейін табыс салығын төлеуден босатылғанын еске салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы