Министрлік пен такси операторларының кездесуінде не айтылғаны белгілі болды
Көлік министрлінің өкілдері таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл 19 қаңтарда автомобильмен жолаушыларды тасымалдау мәселелері жөніндегі кеңес аясында Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен таксиге тапсырыс беруге арналған мобильді қосымшалар операторларының, оның ішінде «Яндекс» және inDrive өкілдерімен кездесу өткен болатын.
Кеңес барысында такси тасымалдаушыларының автомобиль көлігі саласындағы заңнама нормаларын сақтауын қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі бойынша ішкі корпоративтік талаптарды енгізу қажеттілігіне қатысты мәселелер көтерілген еді. Кеңес қорытындысы бойынша таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары операторларының өкілдеріне автомобильмен жолаушыларды тасымалдау саласының проблемалық мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар енгізу ұсынылды, - делінген ведомство хабарламасында.
12 ақпанда көлік вице-министрі М.Қалиақпаровтың төрағалығымен inDrive сервис операторының өкілдерімен қосымша кездесу өткізілді. Кеңес барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың жағымсыз тұстарын көрсете отырып, жол-көлік апаттары бойынша статистика көпшілік назарына шығарылды. Осыған байланысты компанияға жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау бойынша талаптарды күшейту ұсынылды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша мобильдік қосымша операторының такси тасымалдаушыларының автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кезең-кезеңімен қабылдауына бағытталған Көлік министрлігі мен inDrive операторы арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Қазір аталған меморандумның жобасы әзірленіп жатыр.