Министрлік пен "Қазатомпром" қоршаған ортаны қорғау саласындағы меморандумды бекітті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен "Қазатомпром" ҰАК" АҚ радиоактивтік қалдықтарды көму жөніндегі жобаны іске асырады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

 Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен "Қазатомпром" ҰАК" АҚ қоршаған ортаны қорғау саласындағы меморандумды бекітті. Құжатта келісілген жобалардың қатарында қатты радиоактивтік қалдықтарды көму жөніндегі жобаны іске асыру бар.

"Қазатомпроммен" ұлттық компания жұмыс істейтін өңірлердегі қоршаған ортаны жақсартудың бірқатар шараларын іске асыруға сөз байласып, тиісті құжатқа қол қойдық. Атап айтқанда, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында "ҮМЗ" АҚ қатты радиоактивтік қалдықтарды көму жобасы іске асырылады, - деді экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында.
Министрдің пікірінше, бұл радиоактивтік қалдықтардың қоршаған ортаға жəне тұрғындарға қандай да бір əсер етуін барынша болдырмайды. Келісім аясында ұлттық компания кəсіпорындарында озық қолжетімді технологияларды одан əрі енгізу үшін техникалық аудит өткізіледі.

 

Компанияның жаңа Экологиялық кодекс жобасындағы тиісті заңнамалық нормалар қабылдағанға дейін, қоршаған ортаға зардапты азайтуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды өндіріске енгізуді көздеуі қуантады, – деп атап өтті министр.
Сала басшысының айтуынша, аталған құжат қабылданған соң 2,2 мыңнан аса кəсіпорын техникалық аудиттен өткізіліп, озық технологияны енгізуі тиіс.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы