Министрлік мәлімдемесі: Орынбор ГӨЗ-дегі апат Астананы газдандыруға әсер етті ме?

Еліміздің Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында (ГӨЗ) таяуда болған апат Астанаға газ жеткізу жұмысына кері әсер ету ықтималдығы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

БАҚ пен әлеуметтік желілерде "Астана мен басқа да өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін" деген сипатта тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта елдің газдандырылған өңірлеріне, соның ішінде елордаға газ қалыпты режимде, толық көлемде және еш шектеусіз жеткізілуде, – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер есебінен қамтамасыз етілуде.

Жеткізілмеген газ көлемі қолданыстағы келісімшарт аясында жедел түрде толықтырылуда. Сондықтан ішкі тұтынушыларға, оның ішінде елордалық ЖЭО-да газ тапшылығы жоқ және болашақта да болмайды. Серіктестердің ақпаратына сәйкес, жақын арада Орынбор ГӨЗ-де газ қабылдау қайта басталады деп күтілуде. Уақытша шектеулерге байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтты. Аталған шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу міндеттемелеріне әсер етпейді. ГӨЗ қалыпты жұмысына көшкеннен кейін өндіріс көлемі жоспарланған деңгейде қайта жалғасады, – деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ құзырлы ведомство Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу мәселесі Үкіметтің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылатынын және оның пысықталып жатқанын нақтылайды.

Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ-ты тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған ақпараттарға жол бермеуге шақырады.

Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында, – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, кеше дрондар шабуылынан кейін ресейлік зауыт Қарашығанақ газын қабылдауды тоқтатқан. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы