Министрлік өкілі Гонконгте ұсталған Қазақстан азаматы жайлы түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Гонконгтегі наразылық кезінде ұсталған қазақстандық азамат уақытша ұстау изоляторында отыр.

Оған әлі ешқандай айып тағылмаған. Бірінші курс студентінің әке-шешесі Гонконгке бүгін ұшып барған екен. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

Осыдан бір-екі күн бұрын 209 қазақстандық студенттің елге оралғанын хабарлаған болатынбыз. 32 студент Гонконгте қалуға өздері ниет білдірді. Өйткені, олар өздерін қауіпсіз сезініп отыр. 17 студент жақын арада қайтамыз деп шешті. Айта кету керек, Гонконгте арнайы төтенше жағдай енгізілген жоқ. Сондықтан, басқа туристер немесе Қазақстан азаматтары ол жерде бола береді, - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров бүгін өткен баспасөз мәслихатында. 

Ол Сыртқы істер министрлігінің өткен аптадағы үндеуі сол жақтағы студенттерге арналғанын жеткізді.
Оқу келесі жылдың қаңтарына дейін тоқтатылды. Онлайн-режімде сабақ оқи беруге болады. Алайда біздің азаматтар сол жерде қалған жағдайда төтенше жағдайға тап болып жатса, біздің бас консулға міндетті түрде хабарласу керек. Қай көшеде наразылықтың болып жатқанын біздің консулдың веб-сайтынан көруге болады, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз хатшысы. 

Бұдан басқа, ҚР СІМ ресми өкілі Гонконгта тұтқынға алынған қазақстандық студент туралы сауалға жауап берді.

Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Әке-шешесі Гонконгке бүгін ұшып барды. Біздің дипломаттар бірнеше рет ол жігітпен кездесті. Уақытша ұстау изоляторындағы жағдайға ешқандай шағым жоқ. Денсаулығы жақсы. Оған қажетті заттардың бәрі апарылды. Адвокат табылды. Енді тергеу нәтижесін күтеміз. Ол бірінші курстың студенті. Оған әлі ешқандай айып тағылмады, - деп жауап қайырды ол. 

Естеріңізге сала кетейік, 18 қарашада наразылық білдірушілермен қақтығыс кезінде Қазақстан азаматы Гонконг баптист университетінің бірінші курс студенті ұсталған болатын. Сондай-ақ, Гонгонгтағы қазақстандық студенттер елге қайтарылатынын хабарлаған болатынбыз. Сонымен қатар, Гонконгтен 208 қазақстандық студент кетіп қалғандығын айтқан едік.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы