Министрлік: Елде дәрілерді бақылау күшейтіледі
Елордада "Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі" қауымдастығы мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп ұйымдастырған денсаулық сақтау мен фармацевтика саласын дамытуға бағытталған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Қазақстанның дәрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету: талдамалық тәсіл және жаңа сын-қатерлер" тақырыбындағы жиында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде жүйелі шешімдер әзірлеу, фармөндірісті дамыту мен патенттік қорғау сынды мәселелер талқыланды.
Дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ауқымды процесс. Ол дәрі-дәрмек Қазақстанға келіп, тіркеуден өткен сәттен басталады. Сонымен қатар елімізде Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы барлық препаратты тексерістен өткізеді. Сараптамадан өткен соң олардың пациенттер үшін қауіпсіз болған жағдайда ғана тіркеу куәлігі беріліп, Қазақстанға сатуға рұқсет етіледі. Тіркеуден соң біз сапаны тексеруді тоқтатпаймыз. Дәрігерлер немесе өзге де медициналық қызметкерлер пациенттер үшін жанама әсерді анықтаса, арнайы мобильдік қосымша арқылы деректерді ұлттық сараптау орталығына жіберіп, ол жерде қайтадан тексеріледі. Осылайша, министрлік қандай да бір препаратты тіркеу-тіркемеу мәселесін көтере алады. Бұл "жасыл карта" деп аталады. Өкінішке қарай, дәрігерлер оны толтыруда аса белсенді емес. Жанама әсері туралы да көп ақпарат ұсына бермейді. Соған байланысты, фармбақылауды күшейтуді жоспарлап отырмыз, - деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Ал "Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі" қауымдастығының директоры Жанна Байдашева денсаулық сақтау саласында мемлекет, бизнес пен сарапшылар арасындағы тығыз байланыстың маңызын алға тартты.
Фармакологиядағы жергілікті өндірісті дамыту, отандық компаниялармен тиімді әріптестік байланыс орнату мен әділ патенттік саясатты қалыптырудың маңызы зор. Біз дәрі-дәрмекті мемлекет есебінен сатып алған кезде медициналық технологияларды сараптауға (НТА) баса назар аударамыз. Бұл жердегі ортақ мақсатымыз – өмірлік маңызға ие әрі сапалы дәрі-дәрмекті кез келген өңірге, дер кезінде, қолжетімді бағамен жеткізуді қамту. Мұндай пікір алмасу ұзақмерзімді шешім қабылдауға негіз болады деп сенемін, - деді Жанна Байдашева.