Министрлік ауыл мектептерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарында шалғай елді мекендердегі бірқатар білім беру ұйымдарын аралады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр Ақсу ауылындағы тарихы тереңнен тамыр тартатын ғасырлық тарихы бар «Мамания» мектебінде болды.
«Мамания» мектебінің құтты шаңырағынан Қазақстаннның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіров, алашордашы Мұхамеджан Тынышпаев, Жұмахан Күдерин, ағартушы Біләл Сүлеев, академик Жүрімбек Сыдықов, жазушы Кәкімжан Қазыбаев есімдері бар. Осы жылы аталмыш мектептің негізінің қаланғанына 124 жыл толды.
Мектеп ғимаратында педагогикалық ұжыммен кездесу өткізген министр ауыл мектептерін дамыту бойынша жасалып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.
Мамания» мектебі – Жетісу өңіріндегі ең алғашқы білім ошақтарының бірі. Ол – өскелең ұрпақ тәрбиесіне ұлттық құндылықтар мен мәдениетті сіңірудің жарқын үлгісі болып табылатын, біз үшін тарихи құнды мекеме. Мемлекет басшысы ауыл мектептерінің білім деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлуде. Ауыл мектептерін дамыту, заманауи оқу құралдарымен жабдықтау және ауыл мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру бағытында бірқатар шара атқарылып жатыр, - деді Ғани Бейсембаев.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын «Білімді ұрпақ – білімді ел» атты оқу конференциясы өтіп, онда «Қазақстан халқына» қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша еліміздің 17 аймағындағы 63 ауылдық тірек мектептің материалдық-техникалық базасын дамыту және жабдықтау жобалары ұсынылған болатын. Барлығы 27 моноқала мен 164 аудандағы 191 мектепті қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға 15 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталады.
Сондай-ақ министр Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының педагогтерімен кездесуде болашақта ауыл мектептері қазақстандық білім беруді дамытудың драйверіне айналуы керектігіне баса назар аударды. Ауыл мектептерін дамытудың жаңа бағдарламасы осы бағыттағы маңызды қадамға айналады. Министрлік ауыл оқушыларының жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасын өткізу жоспарын әзірлеуде.
Айта кетейік, Жетісу облысы Ақсу ауылындағы «Мамания» мектебінде бүгінде 247 бала білім алып жатыр. Ол облыс орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.