Министрлік: Аққулар үсіп өлген

Министрлік Қаракөл көліндегі аққулардың неден өлгеніне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше,  аталған фактті тексеріп, құстар өлімінің себебін анықтау  мақсатында оқиға орынына аталған инспекция өкілдері, сонымен қатар, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы, Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлері, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС экологтары барды. 

Аумақты тексеру барысында мамандар 10 аққудың өлексесін тапты. Алдын ала болжам бойынша, олар қыстан аман қалу үшін май жинап үлгермеген 1 жылдық құстар. Мамандардың айтуы бойынша, аққулар өлімінің тағы бір себебі күннің суытуымен де байланысты болуы мүмкін. Маңғыстау облысында 1 желтоқсаннан бастап ауа температурасы -15°С дейін төмендеді. Каспий теңізі мен Қаракөл көлінің жағасында мұз қатқан. Есептік деректер бойынша, Қаракөл көлінде 10 000-ға дейін аққулар қыстайды, - делінген хабарламада. 

Министрліктің сөзіне сенсек, қазіргі таңда құс өлімінің себебін анықтау үшін су мен құстардан сынамалар алынып, тексеруге жолданды. Қосымша ақпарат берілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы