Министрлік 2025 жылы мектептерде қандай мәселе шешілгенін атады
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова 2025 жылдың қорытындысы бойынша білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде 460,4 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба нәтижесінде 69 үш ауысымды және 22 апаттық мектептің мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы жойылды, - деді ол.
2025 жылы жалпы сыйымдылығы 214 мың оқушы орнына есептелген 141 мектептің құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар 140 мектеп реновациядан өтті, оның 60 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Бұдан бөлек, 1000-нан астам ауыл мектебі модернизациядан өтті. Бағдарламалар аясында мектептерде күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Ауыл мектептері үшін 1196 заманауи пәндік кабинет сатып алу жоспарланған.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы шамамен 1,2 миллион оқушы үшін білім беру ортасын жақсартуға мүмкіндік туды, - деп айтты Мелдебекова журналистермен кездесуде.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдардағы инфрақұрылымдық даму қарқыны үш ауысымды мектептер санын 4 есеге, апатты мектептерді 2,5 есеге, ал орын тапшылығын 4 есеге қысқартуға жағдай жасады. Қазіргі таңда елімізде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мыңға жуық мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін мұғалімдердің жүктемесі азайып, жалақысына көңілі тола бастағанын жазған болатынбыз.