Министрлер етті қайдан сатып алатыны белгілі болды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметте өткен брифингте өзі етті қаншаға сатып алатынын және неліктен бағалардың айырмашылығы соншалықты үлкен екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, өткен аптада «Сауран» базарынан сиыр етінің таза жіліктелген 1 келі бөлігін 4 200 теңгеге сатып алған.

Бұл ең арзан базар емес, бірақ баға сондай болды. Әдетте етпен бірге сорпаға арналған жиынтық та қосып аласыз. Етті барлығы солай сатады, сіз де тұтынушы ретінде жасайсыз. Себебі таза етті ешкім алмайды, – деді Шаққалиев.

Министр бағаның айырмашылығы шынымен бар екенін және ол көбіне тұтынушылардың әдетіне, қаржылық мүмкіндігіне байланысты екенін атап өтті.

Мәселен, электронды саудада дайындалған, қапталған қой немесе сиыр еті – мысалы, кәуапқа арналған филе – 5 700 теңгеге дейін барады. Өйткені ол дайын күйінде ұсынылады. Яғни бәрі сіздің тұтынушылық сұранысыңызға байланысты, – деп түсіндірді ол.

Шаққалиев мемлекеттің негізгі міндеті – еттің дүкен сөрелерінде жеткілікті болуын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар өнімдерге үстеме бағаны бақылау екендігін еске салды.

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған қолжетімді ет те бар. Ал мүмкіндігі барлар қымбаттау бөліктерін алады, тіпті онлайн тапсырыс береді. Тұтынушылардың әдеттері де әртүрлі – көбісі аптасына бір рет базардан көп мөлшерде сауда жасайды. Біз бәріміз білетін «Әсем», «Артем», «Сауран», «Еуразия» сияқты базарлар бар. Баға орналасқан жеріне, әр адамның қаржысына қарай әртүрлі болып келеді. Сондықтан еттің құны – сіздің қаржылық мүмкіндігіңіз бен тұтынушылық талғамыңызға байланысты, – деп қорытындылады министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы