Министр: Бәсекеге қабілетсіз ЖОО-лар халық сенімін төмендетеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі басқарып отырған министрлікте жемқорлыққа қарсы қандай шаралар қолға алынып жатқаны туралы айтты.
Ол бұл мәселе жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Біріншіден, ашықтық. Министрлік ашық форматта жұмыс істейді. Мысалы, ҚР БҒМ арнайы Call-орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, менің тапсырмам бойынша білім басқармаларының жанында Call-орталықтар ашылды. Келесі аптадан бастап БҒМ фронт-кеңсесі өз жұмысын бастайды. Білім және ғылым вице-министрлерінің Facebook-тегі аккаунттары қолжетімді, сондай-ақ өңірлердегі білім басқармаларының барлық басшыларының де Facebook-те аккаунттары ашылды. Жақын арада осы Call-орталықтар жауаптардың сапасын бақылау және азаматтардың өтініштері бойынша жұмыс істеу үшін БҒМ-ден бірыңғай электрондық жүйемен біріктірілетін болады" - деді ол.
Сонымен қатар министр осы бағытта ADAL BILIM жобалық кеңсесі құрылғанын айтты.
"Екіншіден, сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мақсатында ADAL BILIM жобалық кеңсесі өз жұмысын бастады. Жобалық кеңседе БАҚ өкілдерімен, жұртшылықпен және белсенділермен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Бұл жоба Білім және ғылым министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлескен меморандумының нәтижесінде іске қосылды. Тиісінше, біздің министрлік Агенттікпен тығыз байланыста. Бұл жоба жақсы нәтиже беретіндігіне сенімдімін" - дейді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша үшіншіден, Министрліктің өзінде қайта ұйымдастыру (реорганизация) және оңтайландыру (оптимизация) бойынша жұмыстар жүргізіледі.
"Функционалдық талдау жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша БҒМ аппаратының тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, ішкі бизнес-процесстер оңтайландырылып, қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне өзгерістер енгізіледі. Бұл мәселе бойынша жақын арада хабарлайтын боламын. БҒМ жанынан арнайы "Парасаттылық басқармасын" құрамыз. Сонымен қатар, біз бірігу және қайта құру арқылы Министрліктің бірқатар ведомстволық бағынысты ұйымдарын оңтайландыруды шештік. Бұл тек бюджет қаражатын үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар тиімділікті де арттырады" - деді ол.
Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грант бөлуде де бірқатар істің оңтайландырылғанын айтты.
"Төртіншіден, гранттар беру кезіндегі парасаттылық. Биыл біз магистратураға түсудің жаңа жүйесін енгіздік. Магистратураға түсу емтихандарын өткізу процедурасын алғаш рет СМГ, Агенттік және жұртшылықты тарту арқылы жүзеге асырдық. Сонымен қатар, ҰБТ-ны электронды форматта өткізуге кезең-кезеңмен көшу бойынша шешім қабылдап, үрдістің айқындылығы мен әділдігін қамтамасыз ете отырып, жұмысты бастап кеттік. Барлық ғылыми жұмыстар үшін антиплагиатты енгізу және бұрын болмаған шетелдік ҒЗЖ деректер базасы бойынша қорғауға шыққан диссертацияларды қосымша тексеру жүргізу бойынша қабылданған шешім де назар аударуға тұрарлық" - деді министр.
Оның айтуынша, бесіншіден, мектеп оқулықтарын дайындаудың, сараптаудың жаңа жүйесі енгізілуде. Бұл жүйелі шаралардың тұтас кешені болады. Қабылданатын шешімдердің транспаренттілігі қамтамасыз етілетін болады.
"Алтыншыдан, білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында талапкерлер мен студенттердің мүдделерін қорғау үшін ЖОО-ның қызметіне жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде бірқатар жоғары оқу орындарында бұзушылықтар анықталды. Өкінішке орай, бәсекеге қабілетсіз жоғары оқу орындары білім беру процесіне зиян келтіріп қана қоймай, халықтың білім беру саласына деген сенімін төмендетеді. Енді жоспардан тыс тексерулерден өткен ЖОО-да тиісті жұмыстар жүргізіліп, сапаны қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданатын болады. Үш ЖОО-ның лицензиялары тоқтатылды. Келесі маңызды жәйт, есеп беру. ҒЗИ басшылары жыл сайын өз қызметі туралы есептерді жариялайтын болады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының директорлары да өз сайттарында штаттық кестелерді және тарификацияларды жариялайтын болады (дербес деректердің сақталуы ескеріле отырып, арнайы нысан болады). Осылайша, бұл көптеген бұзушылықтардың алдын алуға өз септігін тигізеді" - дейді министр.