Министр: Жерді жеке меншікке беруге тыйым салу қажет
Жеке меншіктен жерді қайтару процедуралары 3 жылға дейін созылады. Марат Қарабаев әкімдіктерге осы сәттен бастап қажетті жерлерді резервке қоюға және оларды жеке меншікке беруге тыйым салу қажет екенін айтты, деп жазады BAQ.KZ.
Елімізде құрылысы ұзаққа созылған ірі жол жобалары аяқталып жатыр. Жаңа жобаларды іске асыру кезіндегі маңызды мәселелердің бірі – жер ресурстарымен қамтамасыз ету.
Көлік министрлігінің өкілдері жол жөндеу жұмыстары аяқталған нысандардағы қызметкерлер мен мердігер ұйымдардың техникалары қайда жұмылдырылатыны туралы мәлімдеді
Биыл елімізде республикалық маңызы бар автожолдарды салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының үлкен көлемі жүзеге асырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 6,5 мың км қамтылды, оның ішінде 3,6 мың км - құрылыс және реконструкциямен, 2,9 мың км - күрделі және орташа жөндеумен жұмыстарымен.
Биыл жұмыстар 16 жоба шеңберінде жүргізілді, оның үшеуі БАКАД, Қандыағаш-Мақат және Үшарал-Достық. Халық тарапынан түскен шағымдарды ескере отырып, барлық күш-жігер құрылысы ұзаққа созылған 4-5 жыл бұрынғы негізгі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Алматы, Мерке-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш, Атырау-Астрахань. Қазір бұл жобалар бойынша 923 км жол қозғалысы ашылды, – деді Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы аумағындағы республикалық жолдарды күрделі жөндеуге ерекше назар аударылды. Бүгінде Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын трассалары арқылы 245 км-ден 220-ға дейін жол жүру қамтамасыз етілген.
Өткен жол-құрылыс маусымының қорытындысы бойынша Қазақстанда 2 мың шақырымға жуық республикалық жол толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі. Осылайша, нормативтік жағдайда республикалық маңызы бар жолдардың жалпы көлемі 92%-ға дейін өседі.
Министрдің айтуынша, жол-құрылыс жұмыстарының қарқыны келесі жылы да сақталады. Жұмыстармен республикалық желінің 5,3 мың шақырымы қамтылмақ.
Біздің алдымызда басым жобаларды іске асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 8 мың шақырым жолды қайта жаңарту қажет. Жоғарыда айтылғандай, келесі жылы негізгі ірі жобалар аяқталады, құрылыс компанияларының техникасы мен жұмыс күші босатылады. Сондықтан 2024 жылдан бастап жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым басымдық берілетін негізгі жобалардың құрылысын кезең-кезеңімен бастайтын боламыз. Бұл міндетті шешу үшін сыртқы және ішкі көздерден қаражат тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді ведомство басшысы.
Атап айтқанда, бүгінгі таңда «Сарыағаш қаласын айналып өту» және «Қарағанды – Жезқазған» жобалары бойынша Азия және Дүниежүзілік даму банктерінен қаражат тарту көзі анықталды. Қалған жобаларды іске асыру үшін дайындық жұмыстары басталды, қаржыландыру тетіктері айқындалды.
Ірі жобаларды бастау жол-құрылыс материалдарының, сондай-ақ құрылыс жабдықтары мен қосымша инженерлік персоналдың өндірісін ұлғайтуды талап етеді. Сондықтан жол битумының тапшылығын болдырмау үшін цемент-бетон жолдарына көшу және битум импорты жөнінде шаралар қабылданады. Инертті материалдардың жаңа карьерлері зерделенеді, темір-бетон бұйымдарын өндіруді ұлғайту көзделеді. Сондай-ақ кәсіби сертификаттауды енгізу басталды. Ал келісімшарттарда мердігерлерде жол-құрылыс техникасының жеке паркінің болуы жөнінде нақты талаптар жазылады.
Сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру кезіндегі маңызды мәселелердің бірі – жер ресурстарымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінгі таңда жобалар бойынша жерге қатысты бірқатар қиындық туындайды. Жеке меншіктен жерді қайтару процедуралары 3 жылға дейін созылады. Сондықтан әкімдіктерге осы сәттен бастап қажетті жерлерді резервке қоюға және оларды жеке меншікке беруге тыйым салу қажет, – деп атап өтті Көлік министрлігінің басшысы.