Министр жеңілістен соң қазақстандық футболшыларға қолдау білдірді
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ел құрамасының футболшыларына Грекиядағы матчтағы жеңілістен соң қолдау білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің айтуынша, спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.
Өкінішке қарай, бүгінгі ойында біздің ұлттық құрама жеңіске жете алмады, бірақ бұл спорт – онда жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпауға тиіспіз. Футболшыларымыз сырт алаңда ойнаса да, соңғы сәтке дейін барын салды. Ұлттық құрамаға стадиондағы 400-ден аса жанкүйерден бөлек, еліміздің әр түкпірінен миллиондаған көрермен теледидар арқылы қолдау көрсетіп, біздің біртұтас ел екенімізді дәлелдеді. Жігіттерімізге Еуроға үміт сыйлағаны үшін алғыс білдіре отырып, алдағы бәсекелерге тек сәттілік тілеймін. Біз әрқашан сіздермен біргеміз! – деп жазды ведомство басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, матч алдында да Ермек Маржықпаев Қазақстан құрамасына қолдау білдірген болатын.