Министр: Жауапкершілікті сезіне білетін журналистер буынын қалыптасыру – негізгі міндетіміз

Медиа және коммуникация саласында оқитын студенттер мен түлектер тағылымдамасы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

24 тамызда медиа және коммуникация мамандығы бойынша оқитын студенттер мен түлектерге арналған тағылымдама бағдарламасының қорытынды жиыны өтті.

Бағдарлама аясында студенттер мен түлектер 2023 жылғы 24 шілде - 24 тамыз аралығында Qazaqstan, «Хабар Агенттігі», Qazaq gazetteri, QazContent сияқты еліміздің ірі медиахолдингтерінде тағылымдамадан өтті. Бағдарламаға еліміздің 13 өңіріндегі 14 ЖОО-дан келген 25 студент қатысты.

Тағылымдама барысында студенттер отандық медиа индустрияның білікті мамандарымен және медиа-сарапшылар қоғамдастығының өкілдері - Қарлығаш Жаманқұлова, Амангелді Құрмет, Асқар Беков, Молдияр Ергебеков және Әлия Әшіммен кездесті. Сонымен қатар жас мамандар «Қазмедиа орталығын» аралап, Qazaqstan, «Хабар», «Хабар 24» телеарналарының жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Тағылымдама кезінде қатысушылар кәсіби дағдыларын дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдады. Тәлімгерлердің жетекшілігімен жас мамандар дайындаған 74 репортаж бен бейнеролик көрсетілді, әртүрлі тақырыпта жазылған 84 мақала жарияланды.

Тағылымдаманың қорытынды жиынында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысушыларды тағылымдаманың сәтті аяқталуымен құттықтап, сертификат табыс етті.

Қазіргі медиа мамандарына, оның ішінде журналистерге қойылатын міндеттер де артып келеді. Жаңа қабілеттер мен дағдыларды, жаңа білім мен технологияны меңгерген, бәсекеге қабілетті, қоғам және мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезіне білетін журналистер буынын қалыптасыру – негізгі міндетіміз. Осы тағылымдамада игерген білім мен практикалық дағдылар жас журналистеріміздің кәсіби мансабын бастаудың және тәжірибе жинаудың жарқын үлгісі болатынына сенімдіміз, - деді министр өз сөзінде.

Қатысушылар да тағылымдама туралы ой-пікірімен бөлісті.

Айта кетейік, шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы ұйымдастырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
Өзгелердің жаңалығы