Министр Жапония лайнеріндегі Қазақстан азаматтарына қатысты түсінік берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапония жағалауындағы "Diamond Princess" лайнеріндегі Қазақстан азаматтары коронавирус жұқтырмағанын айтты.
Diamond Princess лайнерінде 4 азаматымыз бар. Олар коронавирус жұқтырмаған. Лайнердегі сынақтар осыны көрсетті. Карантин мерзімі аяқталды, бүгіннен бастап олар лайнерден шығарыла бастайды. Енді қосымша тексерістер өткізіледі. Егер де тестіден өтсе, оларды таяу күндері елге қайтарамыз, – деді министр.
Оның айтуынша, лайнер жолаушылары арасында коронавирус жұқтырғандар болса, бұл адамдар Жапонияда ем қабылдайды.
Емдеу шараларына қатысты барлық елдер өзара іс-қимылдар жасайды. Қажет болған жағдайда олар Жапонияда ем қабылдауы мүмкін, – дейді Мұхтар Тілеуберді.
Сонымен қатар, Қазақстанның тағы екі азаматы ертең отанына оралады. Оларды Украина тарапы жеткізеді.
Ертең (20 ақпан - тілші) Уханнан біздің екі азамат қайтып келеді. Украиналық ұшақ өз азаматтарын алып кетеді екен. Солардың ұшағымен біздің екі азамат елге жетіп алатын болады. Өйткені, олар Алматыға техникалық себептерге байланысты уақытша қонады. Яғни біздің екі азаматты тастап, әріқарай Киевке ұшады, – деп түсіндірді СІМ басшысы.