Министр жаңаөзендіктердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты
Үкімет кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңаөзендіктердің мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сәтқалиевтің айтуынша, мәселені шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Астанаға келіп, талап қойған жаңаөзендіктердің бір бөлігі жұмысқа орналастырылған. Сонымен бірге 3 жылға конкурс жарияланған.
"ӨзенМұнайГазға" қатысты мемлекеттік сатып алулар бойынша мәселе анықталып жатыр. Биыл келісімшарттарды орындау, еңбек қатынастарына байланысты мәселелер қаралуда. Мәселе - мемлекеттік органдар мен жергілікті билік органдарының бақылауында. Мұнай сервистік компаниялардың қызметкерлерімен тұрақты диалог жүріп жатыр, - деді министр.
Ол мұнай сервистік компаниялардың қызметкерлері үшін жеңілдікті жұмыс жағдайларын белгілеу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.
Конкурстық рәсімдер аясында жеңіске жететін компаниялар осы қызметкерлерді жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Қызметкерлердің қалған бір бөлігі тікелей "ӨзенМұнайГазға" орналастыру талабын қойып отыр, - деп жауап берді Алмасадам Сәтқалиев.