Министр зейнетақы жинағын алуға қойылатын шек қаншаға өсетінін айтты
Еңбек министрінің айтуынша, жаңа жеткіліктілік шектері жас ерекшелігіне қарай есептеліп, осы айдың соңына дейін жарияланады.
Қазақстанда зейнетақы жинағын алуға қойылатын шек мөлшері қанша пайызға өсетіні белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Айтуынша, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қатысты жеткіліктілік шегі осы айдың соңына дейін көтеріледі.
Біз шынымен де ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеріп жатырмыз. Бірақ бұл зейнетақы жинағын алуға тыйым салынады деген сөз емес. Қаражат алу жалғасады, алайда белгілі бір шектеулер болуы керек. Жас ерекшелігіне қарай есептеледі: 23–35 жас аралығы және 35–63 жас аралығы бойынша бөлек қарастырылады. Шекті көтеру көлемі шамамен 79 пайызға дейін жетеді. Қазір БЖЗҚ-мен бірге формула мен барлық есептеулерді дайындап жатырмыз. Ресми ақпарат жарияланады. Кездесулер барысында мұны жан-жақты түсіндіреміз. Айдың соңына дейін жариялаймыз деп ойлаймын, – деді министр.
Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде қазақстандықтар БЖЗҚ-дан 5 трлн 700 млрд теңге алған.
Оның басым бөлігі несие жабуға жұмсалды. Әрине, бұл қаражат банктер үшін өте қызық ресурс. Бірақ Еңбек министрлігінің ұстанымы – қаражат жинау керек. Жинақтаушы қор барлық елде ең алдымен жинақтау қызметін атқарады. Сізде де, менде де қорда жинақ болуы тиіс. Зейнет жасына жеткенде сол қордан лайықты зейнетақы алуымыз қажет. Ол зейнетақы жеткіліктілік деңгейіне және сатып алу қабілетіне сай болуы керек, – деді Асқарбек Ертаев.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенатта өткен брифингте зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қойылатын жеткіліктілік шегі көтерілуі мүмкін екендігін ескерткен болатын.