Министр Қытайдан келетін ауыр жүк көлігі тоқтатылмағанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Зайсандағы ахуалға қатысты пікір білдірді. Ол Қытайдан Қазақстанға пойыз арқылы келетін ауыр жүк көлігі әлі тоқтатылмағанын айтты. Қазақстандық санитарлық дәрігерлер шекараны кесіп өткен жүргізушілерді Шығыс Қазақстандағы Бақты және Майқапшағай бекетінде күтіп тұрып, тепловизорлармен тексеретін болады.
Пойыз арқылы ауыр жүк көлігі әлі тоқтатылмаған. Оны қалай тоқтатамыз? Ол күнделікті жүріп жатқан тауарлар. Оның арасында елімізге келіп жатқан транзиттік тауарлар да бар. Сол көліктер арқылы шекараны кесіп өткен жүргізушілері Шығыс Қазақстандағы Бақты және Майқапшағай бекеті арқылы келеді. Одан бөлек теміржол арқылы өтетін пунктер бар. Біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Біздің санитарлық дәрігер сол жерде тұрады. Тепловизорлар бізде бар. Резервтен алынған ақша бойынша қосымша тепловизор алуға қазір тырысып жатырмыз, - деп мәлім етті Елжан Біртанов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.Министр шекарадан өткен барлық көлік жүргізушілерге бақылау жүргізу керек екенін айтты.
Мәселен, біздегі ақпарат бойынша Қытайда бизнеспен, саудамен айналысатын бірнеше Қазақстан азаматы бар. Олар елге қайтуы керек. Оларға біз мүмкіндік беруіміз керек. Әрине тәуекелдер бар. Қауіпсіздікке байланысты келгеннен кейін олар бақылауға алынуы тиіс, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Бұл орайда, денсаулық министрі Елжан Біртанов Зайсанда шыққан шудың, атап айтқанда "Қытай азаматтары елге келіп жатыр" деген ақпаратың жалған екеніне назар аударды.
Ол әрине, дұрыс емес. Өткен тәулік бойынша Майқапшағайдан ешкім өткен жоқ. Күнделікті көп болса Шығыс Қазақстан бойынша 10-15 адам өтеді. Олардың бәрі – біздің азаматтар. Алматы облысы бойынша 20-30 адам өтеді. Әлбетте олар елге келгеннен кейін ары қарай инфекцияны тарату қаупін болдырмау үшін алдын алуымыз қажет. Соған байланысты сол жерде арнайы карантиндік станция ашуымыз керек. Осындай бұйрығымыз болған. Оны ауылдың амбулаториясына жатқызады деп азаматтар түсінбеген. Шешім бойынша арнайы стационар – Зайсан ауданының орталық ауруханасындағы арнайы бөлек инфекциялық ауруға арналған корпусқа жатқызылатын болады, - деді министр.
Оның үстіне, министр Шығыс Қазақстанда инвестициялық жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан қытайлық азаматтары барын жасырмады. Алайда, тіркелген науқас адамдар жоқ екен.
Құпия емес. Олардың арасында да жақында Қытайдан келген азаматтар да бар. Олар біздің бақылауымызда. Тіркелген ауру адамдар жоқ. Олардың денсаулығы дұрыс болса ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек. Себебі олардың келісімшарттар бойынша өз жауапкершіліктері бар, - деп айтты министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ұлттық кеңестің келесі отырысы қашан өтетіні белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы