Министр: Ұлттық ұлан қалыптасудың күрделі жолын басынан кешірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұлан күні қарсаңында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үздік қырынан танылған әскери қызметшілерді құттықтап, медальдар мен құрмет грамоталарын табыс етті.
Ведомство басшысы әскери қызметшілердің елеулі еңбегін және ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.
29 жыл ішінде кешегі Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұлан қалыптасудың күрделі жолын басынан кешіріп, мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігінің кепілі бола алды. Ұландық жауынгерлер өз міндеттерін атқару кезінде үнемі батылдық, ержүректілік және жанқиярлық үлгілерін көрсетуде. Бұл олардың әскери міндеттерге деген адалдығының белгісі. Тәуелсіздік алғалы бері Ұлттық ұланның 214 әскери қызметшісі мемлекеттік наградалармен марапатталды. 2020 жылы әскери қызметшілер полиция қызметкерлерімен бірге төтенше жағдай режимі және карантин шараларын қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Әлі күнге дейін карантин режимін қамтамасыз ету бойынша қызметтерін жалғастырып келеді. Кәсіби мереке күні сіздерге, сіздердің туған-туысқандарыңыз бен жақындарыңызға мықты денсаулық, бақыт, қызметте табыс тілеймін! – деді құттықтау сөзінде ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалиақпар Тоқышев өз сөзінде Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлік деңгейі тәуелсіздік алған жылдардан бастап жоғары болғанын және әскери қызметшілерге заң аясында жүктелген міндеттерді лайықты және кәсіби шеберлікпен орындай алатынын айтты.
Мерекеге орай Ішкі істер министрінің бұйрығымен 50 әскери қызметші, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен 150 әскери қызметші, 75 ардагер мен өзара іс-қимыл жасасатын органдарының қызметкерлері марапатталды.
Бүгінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзетеді, табиғи апат зардаптарын жою бойынша шараларға қатысады. Сонымен қатар заңда жүктелген басқа да міндеттерді орындау бойынша қызметтер атқарады.