Министр: Ұлттық орталықтың да, мұрағаттың да жұмысы күрделі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына арнайы келіп, сала қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуге Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, Архив ісі және құжаттама департаментінің директоры Бағдат Тансыбеков, Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова, Ұлттық орталық директоры Мәлік Отарбаев бастаған ұжым қатысты.
Ұлттық орталықтың да, мұрағаттың да жұмысы күрделі. Біз мемлекет тарапынан ғимараттарды үлкейтіп, кітаптар сақтайтын қорды ұлғайту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, 20 жыл бойы мәдениет пен мұрағат саласы мамандарының жалақысы өспеген еді. 2020 жылы жалақыны 50 пайызға өсірдік. Биыл да бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біз қазір «Қазақстан ипотекалық компаниясы» өкілдерімен кеңесіп, мәдениет саласы мамандарының жалақысына орай несиелік жобаларға қатысу мәселесін қарастырып жатырмыз. Олар осы салалар үшін пайыздық мөлшерлемелерін төмендетсе дейміз. Биылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе сияқты қалаларда осы бағдарламаның кеңінен жүзеге асуына атсалысып келеміз. Жастар ұлттық орталық, мұрағат, кітапханаларға келсін деген ниеттен туған бастамалар бұл , - деді Ақтоты Рахметоллақызы.
2017 жылы құрылған Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығында 11000 астам кітап қоры сақталған.
Өз кезегінде орталық директоры Мәлік Отарбаев министрге алғыс білдіре отырып, реставрациялық зертхананың маңызына ерекше тоқталды. Бір айта кетерлігі, астанада мұндай зертхана тек Ұлттық орталықта ғана бар. Мұнда мамандар сирек және көне кітаптарды қайта қалпына келтіріп, қорға табыстайды.
Реставратор маман Сырым Ботабеков министрге өз жұмысын таныстырумен қатар, салада қордаланған мәселелерді азды-кемді айтып өтті. Бұл тұста биыл бюджеттен төрт зертхананы қолдап, құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары ары қарай да жалғасатыны белгілі болды.
Кітаптар қоры күн өткен сайын толығып жатыр. Бұл қуантарлық жәйт. Елорда тұрғындары көрме залын көруге арнайы келеді. Оқу залында жалпы қордағы кітаптардың 60 пайызы сақталған. Күніне кемінде 10 адам, жас ғалымдар мен оқырмандар келіп, қажетті мәліметін алып, зерттеу жұмыстарын жүргізе береді, - деді Ұлттық орталық директоры Мәлік Нұржанұлы.
Кездесу соңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық орталық қызметкерлеріне табыс тілей отырып, арнайы кітапқа ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды. Мәлік Нұржанұлы министрге түрік ақыны Юнус Эмренің қазақ тіліне аударған жыр жинағын сыйға тартты.