Министр Үкімет басшысынан қандай көмек сұрады?
Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Үкімет басшысынан биылғы жылыту маусымы қарсаңында мегаполис әкімдіктері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардан бірқатар жұмыстарды қамтамасыз етуді тапсыруын сұрады.
2022-2023 жылғы күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуі үшін облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне, сондай-ақ мүдделі орталық мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға: электр станцияларында, электр желілерінде барлық жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындауды; энергия көздерінде отынның нормативтік қорын жинақтау үшін жылжымалы құрамның қажетті мөлшерімен қамтамасыз етуді; отын жеткізушілер алдындағы берешекті азайтуды қамтамасыз етуді; коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың жеткізушілер алдындағы дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдауды тапсыруыңызды сұраймыз, - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, жалпы, Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылыту маусымына дайындық пен оның барысын бақылау жұмыстарын жалғастыруда.
Сонымен қатар елді мекендерінің білім беру, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, әлеуметтік және мәдени объектілерін жылумен жабдықтау жүйесіне уақтылы қосуды қамтамасыз етуді; жылыту кезеңінде электр станцияларына, қазандықтарға және өңірлер халқының қажеттіліктеріне көмір мен мазуттың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етуді тапсырсаңыз, - деп атап өтті Ақшолақов.