Министр уақыт белдеуіне қатысты сұраққа: “Шығыстықтардың тең жартысы қолдады”
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев уақыт белдеуіне қатысты түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист министрге “Биыл уақыт белдеуіне қатысты мәселе қызу талқыланып жатыр. Министрлік тарапынан неге түсіндіру жұмыстары әлсіз болды? Егер түсіндіру жұмыстары жеткілікті деңгейде болса, мұндай мәселе болмас еді ғой. Президент министрлердің халықпен сөйлесе алмайтынын жиі сынға алады. Тіпті шенеуніктер халықпен сөйлесуге қорқады деп айтқан еді. Сіз сағат белдеуін ауыстырмас бұрын қанша өңірге барып, халықпен тілдестіңіз? Соны айтыңызшы?” деп сұрақ қойды.
Сіз өте дұрыс айттыңыз. Халықпен сөйлесіп, оларға түсіндіру керек. Осы шешімді дайындаған кезде министрліктің өкілдері 5-6 өңірге барып, сол жердегі қоғам белсенділері және кәсіпкерлерімен сөйлесіп, түсіндіру жұмысын жүргізді. Өзім тамыз айында Шығыс Қазақстанға барып қайттым. Тек Өскеменмен шектелмей, Қатонқарағай мен Бұқтырмаға да бардым, - деді Арман Абайұлы Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр шығыстықтардың тең жартысы жаңа уақытты қолдағанын айтты.
Әрине, тек бір өңірге барғаным жоқ. Бізде өңірлерге баруға арналған арнайы график бар. Сол себепті Шығысқа бардым. Онымен қоса, СҚО мен Ақмола облысында да болдым. Шығыста болғанда көп адамдардың пікірін білдім. Олардың дені жартысы қолдаймыз деді. Олар уақыт белдеуінің кері әсері жоғын айтып, таңертеңгі уақыт ыңғайлы деп айтты. Сағат 16:00-17:00-ге дейін жұмыстарын бітіріп, әрі қарай демаламыз деді, - дейді Шаққалиев.
Сауда министрі басқа мемлекеттерде күн тәртібі қалай екенін атап өтті.
Сіз шетелге бардыңыз ғой?! Шетелде кешкі сағат 19:00-20:00 шамасында тамақтана алмайсыз. Олар 5-6-ға дейін бүкіл жұмысын бітіріп, үйге барады. Ал 22:00-де ұйықтайды. Иә, екінші тарап ыңғайсыз екенін айтты. Жұмыс 18:30-ға дейін, бау-бақшамызға барып үлгермейміз деді. Ол жаз уақыты еді. 19:00-ге қарай күн батады. Ол мәселе де бар, - деді Шаққалиев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сауда министрі уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасап, қазақстандықтар үшін неге UTC+5 сағат белдеуі дұрыс екенін түсіндірді.