Министр туризм және спорт ардагерлеріне құрмет көрсетті
Туризм және спорт министрлігі Қарттар күніне орай елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде салтанатты іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Жиында елдегі олимпиадалық қозғалыс пен спортты дамытуға елеулі үлес қосқан спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт қайраткерлерінің еңбегі ерекше атап өтілді.
Кездесуге отандық спорт пен туризм саласының белгілі қайраткерлері Анатолий Құлназаров, Асқар Асубаев, Елсияр Қанағатов, Виктор Абоимов, Мәдіғали Қарсыбеков, Дариға Қамзебаева, Жомарт Сабыржанов, Алексей Бережной, Сәдет Қасымов және Қуандық Елжанов қатысып, құрмет грамоталарымен марапатталды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ардагерлердің еңбегін жоғары бағалап, спорттағы сабақтастықты сақтаудың маңызын атап өтті.
Сіздердің спорттағы баға жетпес тәжірибелеріңіз біз үшін, әсіресе заманауи спорттық жетістіктерді енгізуде өте құнды. Өйткені ғылым мен спорттағы біртұтастық – Қазақстанды жаңа биіктерге жеткізудің негізгі тетігі,– деген министр спорт саласындағы шұғыл шешімдерді талап ететін барлық сын-қатерге тоқталды.
Олардың қатарында озық технологияларды енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, өңірлер мен ауыл спортшыларын қолдау, аймақтардағы спорт және туризм басқармаларына жауапты басшылардың біліктілігін арттыру мәселелері бар.
Ардагерлер дөңгелек үстел барысындағы мұндай бағалы бастама игі дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
Іс-шара соңында Ербол Мырзабосынов ардагерлерді мерекемен құттықтап, қонақтарға арнайы грамоталар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.