Министр Тұрғымбаев жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі, деді  Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жол қауіпсіздігі бойынша ведомствоаралық семинар-кеңес барысында. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде елде 4,3 млн көлік құралы бар. Автокөлік санының артуына байланысты жол-көлік оқиғаларының саны да өсуде.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер жүзеге асырылуда, автомобиль жолдарының күтімі мен қауіпсіздігін арттыру бойынша ішкі істер министрлігінің мамандары шетелдік үздік тәжірибені зерделеп, жаңа инновациялар енгізуді биыл жоспарлап отыр. Біздің басты мақсатымыз - жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру, - деді ол.

Ішкі істер органдарының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың үш айында елде 2621 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 363 адам қайтыс болып, 3605 адам жарақаттанған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қаза тапқандар саны 11,7% -ға өскен.

Жол-көлік оқиғаларының себептері жүргізушілердің жылдамдықты асыра пайдалануы, қарсы жолаққа шығуы сияқты көлік тәртібінің төмендігі болған. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі элемент - жолдардың жағдайы мен инфрақұрылымы.

Семинарға  ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы және елдің бірқатар салалық университеттері қатысты. Қатысушылар Ішкі істер министрлігінің Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында пилотты жобаны іске қосу туралы ұсынысын қолдады. Жетілдірілген техникалық шешімдер нақты жағдайларда тексеріліп, қазақстандық жолдардың ерекшеліктеріне бейімделетін болады. Олардың арасында проекциялық және интеллектуалды жаяу жүргіншілер өткелдері, баламалы жол белгілері, соның ішінде 3D көлемдік формат, интерактивті жол белгілері және т.б. бар.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы