Кеше ғана министр болған Цой орынбасарларын ауыстырып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Үкіметінің қаулысымен Марат Едігеұлы Шоранов және Ажар Ғиният ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне жеке-жеке тағайындалды.
Мұрат Шоранов 1975 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік медицина университетін, академик Б. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында аспирантураны, Эмори университетінде Роллинс атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебін тәмамдаған.
Әр жылдары академик Б. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкері, Семей қаласындағы Радиациялық медицина және экология ҚазҒЗИ ғылыми қызметкері, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің ғылыми-зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері болып қызмет етті.
2006-2008 жылдары академик Б. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы инновациялық бөлімінің меңгерушісі, директор орынбасарының міндетін атқарушы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді.
2008-2009 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту институтының директоры.
2010-2011 жылдары — АҚШ-та Эмори университеті клиникасының жобалар менеджері.
2012-2013 жылдары — Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының орынбасары, экономикалық зерттеулер орталығының басшысы.
2013-2017 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінде, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде, "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ-да, University Medical Center корпоративтік қорында басшылық лауазымдарды атқарды.
2017-2019 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басшысы.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2019 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі таңға дейін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Ажар Ғиният 1969 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын "дәрігер-педиатр" мамандығы бойынша, 2007 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін "мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері" мамандығы бойынша, 2015 жылы Алматы менеджмент университетін "МВА іскерлік әкімшілендіру магистрі" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Атырау қаласының №2 қалалық емханасында учаскелік педиатр болып бастаған.
1994 жылдан 1999 жылға дейін — Ақтау қаласының №1 медициналық санитарлық бөлімінің меңгерушісі.
1999-2001 жылдары — Маңғыстау жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.
2001-2005 жылдары — Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.
2005-2006 жылдары — Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау департаментінің директоры.
2008-2017 жылдары — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы, департамент директоры.
2017 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі таңға дейін ҚР Президенті Іс басқармасының Медицина орталығы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше ҚР Президентінің жарлығымен Алексей Цой ҚР Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған болатын.