Министр су ресурстарына қатысты үш проблеманы атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев сумен қамтамасыз ету «әзірге» экономика және халық сұранысын қанағаттандырып отырғанын айтты.
Қазіргі уақытта елдегі сумен қамтамасыз ету жағдайы экономика салалары мен халықтың сұранысын қанағаттандырады. Алайда су саласының мынадай негізгі проблемаларын бөліп көрсетуге болады.
Бірінші - өзен ағысының құлауы мен су тұтынудың өсуі салдарынан орта және ұзақ мерзімді кезеңде елді сумен қамтамасыз етудің болжамды төмендеуі.
Екінші - арналар мен ирригациялық жүйелердің қатты тозуы себебінен тасымалдау кезінде судың жоғары шығыны. Мәселен ауыл шаруашылығында шығын 50%-ға дейін жетеді. Оларды қысқарту үшін арналарды жөндеу және су ресурстарын автоматтандырылған басқаруды енгізу талап етіледі. Сондай-ақ үшіншіден - тариф белгілеудің әлсіз тетігі, инфрақұрылымға инвестициялардың жетіспеушілігі және білікті кадрлардың жетіспеушілігі.
Қазір судың аз циклына тап болдық. Осыған байланысты, вегетациялық кезеңді өткізу мақсатында көршілерімізбен нақты жұмыс жүргізудеміз. Осылайша, қырғыз елімен қосымша су алу туралы келістік. Вегетация шыңында (маусым-тамыз) Тоқтоғұл су қоймасынан қосымша үш жүз отыз (330) млн куб.метр су ағызылады. Бұл су көлемін Өзбекстан аумағы арқылы өткізу туралы да уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімдер жүргізілуде. Осыны ескере отырып, ақпан-наурыз айларында біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен өңірлерге барып кеңестер өткіздік. Қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайы туралы хабардар еттік және суды көп қажет ететін дақылдардың егістігін азайтуды ұсындық және су аз болған жағдайда вегетацияға дайындалдық, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Негізгі міндеттердің бірі Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін бүгінгі бір бүтін алты (1,6) млн гектардан 2030 (екі мың отызыншы) жылға дейін үш (3) млн гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау болып табылады.
Былтыр сегіз жүз он үш (813) км канал жөнделді, елу үш жарым (53,5) мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Бұл қосымша жиырма алты (26,0) мың жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін жыл сайын отыз (30) млрд теңгеден астам сомаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2025 жылға дейін суармалы жерлердің аумағын 2,2 млн га дейін жеткізу, яғни 600 мың га-ға ұлғайту жоспарланған, 5 жыл ішінде біз 4,5 мың км-ден астам арналарды қайта жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бұл ауылда 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңге сомасына өнім өсіруге ықпал ететін болады. Бұдан басқа 41 авариялық су қоймасын қалпына келтіру көзделген, оның ішінде 2017-2019 жылдар кезеңінде 10 объекті пайдалануға берілді. Ол 2020 жылы аяқталды. 2021 жылы тағы 8 нысанды аяқтау жоспарлануда. Қалған 21 нысан 2025 жылға дейін сатылады, - деді министр.