Министр: Сотталғандар электронды сауда жасай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің пенитенциарлық жүйе мәселелері жөніндегі отырысына қатысты.

Отырыс барысында Қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыру барысы, түрме инфрақұрылымын жаңғырту, сотталғандарға медициналық- санитариялық қызмет көрсету, сондай-ақ мекемелерді бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды.

Ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы қабылданып жатқан жүйелі шаралар сотталғандарды ұстауды едәуір жақсартуға және жазаларды орындау жүйесін ізгілендіру үшін құқықтық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Бүгінгі таңда түзеу мекемелерінде сот үкімі бойынша 25 000-нан астам адам жазасын өтеп жатыр.

Бүгінде сотталғандардың азық-түлік, киім-кешек, кітаптарды банк карточкаларымен төлеу жолымен “электрондық дүкендер” арқылы сатып алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау үшін сотталғандардың туыстарымен бейнесұхбаттар арқылы байланысу тәжірибесі енгізілуде. Сәлемдемелердің салмағы, сондай-ақ тамақтану нормалары артты, – деді министр.

Сенаторлар Министрліктің осы бағыттағы қызметіне оң баға беріп, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтты.

Кездесуді қорытындылай келе, депутаттар Сенат Комитеті мен ІІМ-нің құқық қорғау қызметін одан әрі заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі тығыз әрі сындарлы жұмысы көшпелі отырыстың нәтижесі болатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы